Елімізде ақылы жолдар саны артады

Елімізде ақылы жолдар көбейді. Бірқатар өңірде республикалық маңызы бар автобандарға жолақы жинайтын жүйе орнатылды. Болашақта еліміздегі 11 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланған. Биыл 1800 шақырымдық 1-ші санаттағы жолдарға есептеу құрылғысы қойылды.

Республикалық маңызы бар тас жолдарға осындай ақылы бақылау аркасы орнатылды. Бұның өзгешелігі – бұрынғыдай шлагбаум жоқ. Бақылау бейнекамерасы бар. Әзірге бір ай бойы тесттік режимде жұмыс істейді. Ал қарашадан бастап ақы ала бастайды.

Бүгінге дейін елімізде 4 жол «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай», «Нұр-Сұлтан-Теміртау» және «Нұр-Сұлтан-Щучье» бағытындағы тас жол ғана ақы алатын. Былтыр бұл жолдардан 6 млрд теңгеге жуық қаражат түскен. Оның барлығы сол жолдарды күтіп ұстауға жұмсалған көрінеді. Ал биыл 7 жаңа бағыттағы автобанға бақылау камералары бар арка орнатылды.

Асқар Мұратұлы, «Қазавтожол» АҚ ҰК басқарма төрағасы:

– Биыл 179 шақырым жол бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір 1800 шақырым бірінші санаттағы жолдар ақылы болуға дайын. Күтіп ұстау жағына біз арнайы мердігерлерді сатып алуды конкурс арқылы анықтаймыз. Қазір рәсімдер жүріп жатыр.

 Ақылы жолдардың құны жеңіл көліктер үшін бұрынғыша шақырымына 1 теңге. 2-3 санаттағы жолдарда жүйткитін жүк көліктері шақырымға 12 теңге шамасында төлейді. Яғни, жол құны бұрынғыдан екі есеге төмендеген. Ал қалааралық және жергілікті рейс автобустары төлемнен босатылады.

Асқар Мұратұлы, «Қазавтожол» АҚ ҰК басқарма төрағасы:

– Бірінші санаттағы жолдарға арналған тарифтер 2013 жылғы бағада қалды. Екінші, үшінші санаттағы жолдарға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты есептеп шығарды. 2013 жылғы бағадан екі есе төмен болады. Көліктің тіркелген нөмірі бойынша ақы келеді. Сонда төлемнің 20 шақты түрі бар.

Мамандар ақылы жолдар әлемдік тәжірибеден алынғанын айтады. Мәселен, алпауыт елдерде «жолды пайдаланатындар оны күтіп ұстауға ақы төлесін» деген қағида бар. Өйткені ауыр жүк тасымалдайтын көліктер жолды ойдым-ойдым етеді. Ал бұған жауапты мекеме жол күтіміне әрқашан дайын екенін айтады.

Авторлары : Айнұр Қуатқызы Айдынбек Нұрғалиев, Аманжол Байғазин

Сондай-ақ...