Солтүстік Қазақстан облысында газ тапшы

Солтүстік Қазақстан облысында газ тапшы. Қазір кей жанармай құю бекеттерінде автогаз талонмен беріліп жатыр. Литрі 110 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері не дейді? 

Көлігін көгілдір отынмен оталдыратын жүргізушілер жанармай құю бекеттерін жағалап жүр. Қалада газ қат. Талонмен беріледі. Бағасы да қымдаттап кеткен.

Жанат Мұсақұлов, қала тұрғыны:

– Газдан бұған дейін қиындық көрмедік. Баға көтерілердің алдында кенеттен жоғалып кетті. Тіпті, қала маңындағы Бескөл ауылына барып құйып жүрдік. Бағасы да 30 теңгеге бірақ қымбаттады.

Кәсіпкерлер көгілдір отынды электронды аукционнан сатып алады. Қазір Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр – Сұлтан қаласы бір жүйеге енгізілген. «Ашық сатылым күнде өтеді. Газды кім бірінші сол алады», – дейді шенеуніктер.

Ерлан Қайырбеков, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Қазір 8 аккредиттелген ұйымның 4-еуінде газ еркін сатылымда. Орташа бағалары 85 – 95 теңге аралығында. Қалғандары талонмен босатып жатыр. Бұл көгілдір отынды электронды аукционнан ала алмай қалған компаниялар.

Газдың бағасы электронды аукционда да қымбаттады. Соңғы рет тоннасы 102 мың теңгеге сатылды. Бұрын 69 мыңнан болған.

Қазір облыста 500 тонна ғана газ қалды. Осыған байланысты жергілікті билдік өкілдері Энергетика Министрлігінен кәсіпкерлер сатып алғаннан бөлек қосымша 1,5 мың тонна көгілдір отынға тапсырыс беріп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов