426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандыдағы «Шапағат» тұрғын үй кешенінде тағы шу шықты

  • 111
  • UPD: 20:58, 05.10.2021

Қарағандыдағы «Шапағат» тұрғын үй кешенінде тағы шу шықты. Осыдан 9 жыл бұрын құлаған «Бесобаның» орнына салынған 9 қабатты үйдің сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Қазір мұнда 160 отбасы тұрады.

Тапсырылғанына бір жылдан енді асқан баспананың есік-терезесі аңғал-саңғал, қабырғасы қақырапты. Арзан құрылыс материалдарымен салынған, – дейді жұрт. Ол аздай жеделсаты жүрмейді, тоқ сымдары ашық жатыр. Келісімшарт бойынша балкон сырты шынымен қапталу керек еді, бірақ ол жұмыс та орындалмаған. Құрылыс басталғалы үш мердігер ауысыпты. Кейінгі компанияға жұмысты аяқтау үшін қазынадан 367 миллион теңге бөлінген. Бірақ нәтижесі осы. Сапасыз құрылыс қалай қабылданып кеткенін жауапты мамандар дөп басып айта алмады. Халық тұрғын үйдегі кемшіліктерді тексеруді талап етіп, ішкі мемлекеттік аудитке де хат жолдаған. Алайда берілген жауап тұрғындарды ашындырды. Онда нысанның жобалық-сметалық құжаты жоғалып кеткені, сол себепті тексеріс жүргізілмейтіні айтылған. Қазір үйге тапсырыс беруші құрылыс бөлімі мердігерді сотқа берді.

Светлана Сәрсембаева, қала тұрғыны:

– Үйімнің ішінде үлкен жарық тұр, қабырғасы жарылған. Болконда үлкен саңылау бар, жел гуілдеп соғады. Даладан қасқырдың ұлыған дауысы естілгендей болады. Дәретханамызда желдеткіш жоқ, ұят емес пе?. Крандары былқ-сылқ етіп тұр. Пол бетон, қалай салынғаны белгісіз, аяғыңа батады.

Мұрат Камалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Мен бұл үйді салғанда қатысқан жоқпын. Соттың шешімі бойынша мердігерге осы барлық қателіктер жіберілген, соның бәрін дұрыстаймыз. Ол кісіге Шұбаркөлден әлі берілмеген ақшалар бар. Сол төленеді. Оны әлі алған жоқ. Соны алғанда, бәрін істетеміз.

 

Хабар 24 телеарнасы