Қазақстанда синтетикалық есірткі сақтағандарға жаза күшейді

Қазақстанда синтетикалық есірткі сақтағандарға жаза күшейді. Қылмыскерлер бір грамм үшін бірден темір тордың ар жағынан шығады.

Бұған дейін есірткінің қылмыстық мөлшері 3 грамнан басталатын. Оған қоса, тыйым салынған психотропты заттар мен есірткі саны ұлғайған. Себебі сананы улайтын есірткінің жаңа түріне әуес жастар көбейіп барады. Қазір интернеттегі көлеңкелі сауда қызып тұр. 

Есірткіге елтіген бұл жас қазір павлодардағы клиникалардың бірінде емдеуден өтіп жатыр. Есімі мен бет-әлпетін жасырғанмен, синтетикалық есірткіге әуес болғанын мойындап отыр.

Нашақорлықтан емделуші:

 – Иә, кейде 150 мыңдық жалақымды түгел соған жұмсайтынмын. Өйткені бір рет қолдансаң, біттің дей бер. Бір грамы 20 мың теңге тұрады. Соңғы рет 2 грамм алған едім, 40 мыңым кетті. Қарыз, несие алып, ақшаның бәрін соған салдым. Менімен бірге есірткі іздейтіндердің бәрі жастар. Небәрі 16-20 жаста. Өйткені есірткі қолжетімді. Телефон мен терминал болса, болды.

Өкініштісі сол, есірткіге тәуелділердің саны жылдан жылға артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, дені синтетикалық есірткіге әуес. Мұндай науқастарды емдеу тәсілі опиоидты есірткіге құмар нашақорларды емдеуге қарағанда қиынырақ.

Мәншук Жақсылықова, дәрігер-нарколог:

– Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын жылына 3-4 адам осындай аурумен түсетін. Қазір синтетикалық есірткінің ілмегіне ілінгендер науқастардың жалпы санының 70 процентін құрайды. Өзге нашақорлардан айырмашылығы, олардың психикасы қатты өзгереді.

Рас, бұған синтетикалық есірткінің қол жетімді болуы себеп. Интернетте жарнамасы өріп жүр. Әдетте әлеуметтік желідегі нөмір жасырынған, байланыс тек арнайы бот арқылы орнатылады. Телеграм арқылы сондайлардың біріне шыққан едік.

Мұндай канал арқылы есірткі саудасы мен жұмыс күшін тарту қатар жүргізіледі. Есірткіні жасыратын курьер болып орналасу  тіптен оңай. Әсіресе ақшаға мұқтаж студенттер мұндай нәпақадан бас тартпайды. Есірткі тасымалымен айналысу үшін қажет сомманы кепіл ретінде төлей салу жеткілікті. 

Осыдан кейін тауарды қолға табыстап, нұсқаулық жібереді. Ескере кететін жайт, мұндай сайттарды жасаған жандардың қайда отырғанын анықтау мүмкін емес. Олар көбіне шетелде жүреді. Дегенмен, ішкі істер министрлігі хабарлағандай, бүгінде есірткіге қарсы күрес амалдары күшейе түскен.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысы жөніндегі департаментің басшысы

– Қылмыстық размер дейміз, кримиальный размер. Бұл дегеніміз енді 1 грамнан тұтынушы ұсталса, уже қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрын 3 грамм болған. Мысалы, нефедрон, соль, спайс дейді, мука дейді есірткі түрлері. ал қазір 1 грамнан табысла уже қылмыстық жауапқа тартамыз.

Есірткі тасып уәделі жерге жасырғаны үшін курьерлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қоса мүлкі де тәркіленеді. Сол үшін өмір бойы қапасқа қамалғандар да бар. 

Жалпы, жыл басынан бері Қазақстанда синтетикалық есірткі өндіретін 11 жасырын зертхана анықталған. Мұндай зертханаларда түрлі формуланың көмегімен синтетикалық есірткінің баламасы әзірленеді.  Тәртіп сақшылар жаңа түрін анықтай сала, дереу оларды тыйым салынған есірткі мен психотропты заттардың тізіміне енгізеді. Бүгінде бұл тізімде 29 атауы бар.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Гульнара Ерманова, Жандос Битабаров, Нургали Мамурбаев