Туризм саласы қашан тұрақталатыны белгілі болды

Елімізде туризм саласы пандемияға дейінгі қалпына тек 2024 жылға қарай оралуы мүмкін. Шетелдік саяхатшылардың легі алдағы екі жылда айтарлықтай өспейді. Бұл туралы 11-ші Орталық Азия сауда форумында айтылды. Қазақстан 16 мемлекетпен екі жақты шекарасын ашты. Дегенмен, биыл ел азаматтары тарапынан ішкі туризмге сұраныс артқан. 

Коронавирус пандемиясына байланысты соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризм қарқын ала бастады. Әсіресе, шекараның жабылуы отандық саяхатқа оң әсер етті. Сала мамандарының айтуынша, туристерге қонатын жер табу қиын емес, ал көлік, жол қатынасы әлі шешімін таппай келеді.

Қайрат Сәдуақасов, туристік компания басқарма төрағасының орынбасары:

– Қазақстан бойынша автобус паркі, әсіресе, туристік автобустар 90 процентке ескірген. 2022 жылдан бастап туристік автобустарды сатып алған жағдайда мемлекет 25 процентін субсидиялайды. Осылайша, біз транспорт мәселесін шешеміз деп ойлаймын.

Айта кету керек, ішкі туризмнің дамуына маркетплейс мемлекеттік жобасы мүмкіндік беріп отыр, - дейді, 11-ші Орталық Азия сауда форумына қатысушылар. Сонымен қатар, қаржыландыру әлеуметтік желілерде дайын, кепілдендірілген турларды жарнамалауға бағытталатын болады. Яғни, тұтынушы билет құны, тұратын жер, тамақтану, гид қызметін қамтитын толық пакетті сатып алады. Сондай-ақ жол бойындағы инфрақұрылым бойынша да жұмыстар жалғасады.

Қайрат Сәдуақасов, туристік компания басқарма төрағасының орынбасары:

– Пандемия уақытында 100-ге жуық санитарлық-гигиеналық құрылғылар орнатылды. Яғни, талапқа сай дәретханалар барлық жерде болады. Әлі 300 тазалық құрылғысы қажет, оларды 2023 жылға дейін орнатамыз.  2022 жылдан бастап 10 процент шығындарды өтеу нормасы жұмыс істейді. Егер кәсіпкер жол бойында қызмет көрсету орнын ашса, онда капиталдың 10 процентін мемлекет субсидиялайды.

Екі жыл бұрын Қазақстанға сегіз жарым миллион шетелдік турист келсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 75 процентке азайған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, пандемияға дейін болған туристердің легі тек 2024 жылы ғана қалпына келеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Нұрдаулет Жаксыбаев