Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушылар белгісіз заттан уланып қалды

Шымкенттегі мектептердің бірінде уытты газ баллоны шашылған. Белгісіз заттан уланған үш бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Хабар 24.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәліметіне сүйенсек, оқиға 5 қазанда сағат 10:30 шамасында болған.

Оқиға орнына 3 жедел жәрдем бригадасы келген. Дәрігерлер 7 оқушы мен білім беру мекемесінің қызметкеріне алғашқы медициналық қызмет көрсеткен. Бұрыш қосылған уытты газ баллонынын шыққан иістен уланған үш оқушы ауруханаға жеткізілді.

«Уланған үш мектеп оқушысы қалалық Гипербариялық оттектену орталығына жеткізілді. Науқастар құсу мен бас айналуына қатысты шағымданды. Оқушылар екі сағат бойы бақылауда болғаннан кейін жағдайларының жақсаруына байланысты үйлеріне қайтарылды, – деді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының қызметкері.

Қалалық Полиция департаменті болған жағдайға қатысты әзірге ешқандай ақпар берген жоқ.

Кейінірек, осы мектептегі 9 сынып оқушысының үзіліс кезінде бұрыш спрейін шашқаны туралы видео тарады. Бұрыш спрейі оның әкесіне тиесілі болған.