Қазақстандықтар Ақтау әуежайында цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады

Ақтау қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Бұрын мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын. Бұл туралы Хабар 24 mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile қосымшасында авторизацияланған пайдаланушыға «цифрлық құжаттар» сервисіне кіру және тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет. Әуежайдың тіркеу тағанында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.

Азаматтық авиация комитеті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, Қазақстан Республикасының әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйелерін интеграциялау бойынша бірлескен жұмыстың арқасында қазақстандықтардың ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі пайда болды.

Цифрлық құжат қызметі пилоттық режимде жұмыс істейді және цифрлық құжаттарды қолданатын рейстер тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалалары арасында қол жетімді. Жоғарыда аталған әуежайларда қызметті пайдалануды жоспарлаған жолаушыларға пилоттық кезеңде жеке куәлігінің түпнұсқасы болуы ұсынылады.