Толарсақтан саз кешіп жүрміз – Қарағанды тұрғындары

Бүлдіршіндер балабақшаға бара алмай, оқушылар мектепке кешігіп, тұрғындар толарсақтан саз кешіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Қарағандыдағы көрініс. Коммуналдық компания жерді қазып, кейін бетін тек бүркей салған.

Қаланың іргесіндегі бұл көшенің бұрын ескі асфальт жолы да, су ағатын арығы да болған. Алайда коммуналдық қызмет көрсетуші компания ала жаздай жер қазып, электр желісін жүргізіп, тегіс жердің түгін қалдырмаған. Енді тұрғындар белуардан саз кешіп жүр.

Дариға Ниханбаева, қала тұрғыны:

– Мына жерден біз балаларды балабақшаға апара алмаймыз. Ешқандай жағдай жоқ. Бәріне шағым жасап жатырмыз. Біздің көшеде барлығы кәрі кісілер, зейнетақысы жетпейді. Жолды өздерің жөндеңдер дейді. Біз оны қалай жөндейміз?

Көше тоғыз жолдың торабында тұр. Шағын ауданның балабақшасы, мектебі тіпті зағиптарға берілген тұрғын үйге де осы жолмен барады. Салғырт жұмыстың салдары біраз адамға қиындық әкелді. Жедел жәрдем көлігі өте алмайды, жеңіл көліктер балшыққа батып қалады.

Серғазы Әлкешов, қала тұрғыны:

- Мынау сұмдық қой, жол жасап алған жүк көліктері жүреді. Арық жасап қойғанбыз, оны да бітеп тастады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Осы көше тұрғындарының балалары да тапқыр болып алған. Себебі көшенің аяқ жағында тұратындар осы жерге дейін толарсақтан саз кешіп отырып келеді де, аяқ киімін мына жерде ауыстырып, резеңке аяқ киімін қалдырып, әрі қарай мектепке таза киіммен барады. Себебі мектепке саз-саз аяқ киіммен барса, ұстаздары да ұрсатын көрінеді.

Заң бойынша жолдың тоз-тозын шығарған компания оны қайтадан ретке келтіруі тиіс. Көшенің жолын жөндеп бермек түгілі тілшілерге уақыт таппаған компания өкілі телефон тұтқасы арқылы жауапты былай деп қысқа қайырды.

Айдын Баймұқанов, «Қарағанды жарық» ЖШС бөлім жетекшісі:

– Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың жазында аяқталды, асфальтбетон негізін абаттандыру бойынша қажетті іс-шаралар толық көлемде жүргізілді, жол жамылғысы жоқ жерлерде тегістеліп топырақ салынды.

Қарапайым сөзбен айтқанда, компания тиісті жұмыс жүргізілді деп отыр. Бірақ төселген топырақ жауын-шашында ағып кеткен. Ал әкімдік көшеге асфальт төсеу биылғы жылдың жоспарында жоқ екенін айтады.

Нұржан Тасмағамбетов, қалалық ТКШ бөлімі автожолдар секторының меңгерушісі:

– Биыл қала көлемінде бірқатар ауқымды жоба жүргізіліп жатыр. Сондықтан жеке секторға қаржы жетпейді. Аталған ауданның мәселесі бізге таныс. «Қарағанды жарық» серіктесітігіне жолды қалыпқа келтіру бойынша ескерту жібереміз. Ал келер жылы бюджетті жобалау кезінде осы жеке сектордың жолына қаржы сұрайтын боламыз.

Қала әкімдігі бюджеттен қаржы сұрап, оны мәслихат бекіткенше кемі бірер жыл өтері хақ. Оған дейін Арман көшесінің тұрғындары үшін асфальт жол арман болып қалатын түрі бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев