Елордадағы 22 мың үйге екі жыл ішінде газ беріледі

Биылдың өзінде құбыр тартылған абонемент саны 14 мыңға жетуге тиіс. Бірақ айтып кететін басты мәселе – құбырды тарту бір, ал оны қосу өз алдына мәселе, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі жылдан бері елорданың бірқатар ауданына газ құбыры кезең-кезеңімен тартылып жатыр. Бүгінде Көктал, Көктал 2, теміржол, 40-станса, Агроқалашық аумағындағы 5 мың абонементтің көгілдір отынға қосылудың мүмкіндігі бар. Енді Оңтүстік-шығыс пен агроқалашықтың қалған бөлігіндегі жұмыстарды аяқтау ғана қалды.

Мақсат Есмағұлов, отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы:

– Оператор өз есебінен Күйгенжар, Мичурина, Интернациональная тұрғын үй алаптарын өз есебінен газдандыратын болады. Егер тап қазір қосылу мүмкіндігін 5 мың абонент алып отырса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 14 мың абонентті құрайды. Яғни 3 кезек бойынша 22 мың абонент жалпы қарастырылған. Егер де биылғы жылы 14 мыңын қосатын болсақ, онда газдандырудың 65 пайызы аяқталды деп айтуға болады.

Айта кетерлігі, жоспарда көрсетілген Оңтүстік-шығыс аумағынан бөлек, тақау тұрған Қараөткел мөлтек ауданына да құбыр тартылып жатыр. Бірақ мұндағы тұрғындардың әлі газға қосылмайды.

Айдар Көсемісов, мердігер компанияның учаскеге жауапты басшысы:

– Білемін, тұрғындарға көмірдің 1-2 тоннасын алып қойыңыздар деп ескерткенбіз. Әу бастан айтқанбыз. Қазір құбырды іске қосып жатырмыз. Момышұлы көшесінің ар жағындағы 9-жіберу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмысына 2 аптадай кетеді.

Тұрғындардың қуанышында шек жоқ әрине. Бірақ тез арада көмірден газға ауыса қойматынын да біледі. 

Агроқалашықтағы жағдай да дәл осындай. Құбырды үйге дейін жеткізгенмен, мұнда газды әлі жіберген жоқ. Жіберген күннің өзінде кей тұрғын газды тартуға асығар емес.

Михаил Кочнов, қала тұрғыны:

– Біріншіден, қыс кеп қалды. Екіншіден, біз үшін бұл жаңа отын. Оның қалай болатынын әлі білмейміз. Оған қоса, қазандықты пешпен де жылытатындай болғаны жөн. Оның бәрін алдын ала асықпай істеткен дұрыс. 

Көгілдір отынның игілігін көріп отырғандар да жоқ емес. Мәселен Көктал ауданының тұрғыны Нина Ивановнаның үйінде газ бар. Бірақ оны тартуға көп шығын кететінін айтады. Оған қоса құжат рәсімдеудің машақаты тағы бар. 

Нина Ивановна, қала тұрғыны:

– Келіп, анауыңыз дұрыс емес, мынауыңыз дұрыс емес деп есті шығарады. Айналайындар-ау, мұның барлығын оңтайлы етіп жасауға болады ғой. Бір топ маман келіп, бәрін тізіп айтып кетсе болмай ма? Қаржылық шығыны тіптен көп. Бір жарым миллиондай кетті, ал құжаттарын рәсімдеуге 40-50 мыңдай жұмсаған шығармыз.

Газдандырудың кезекті жоспарына сәйкес, Тельман, Пригородный, Family Village және Garden Village аудандарын қамту көзделіп отыр. Ал соңғы кезеңде газ Ильинка, Шұбар, Өндіріс аумағына тартылады.

Бақыт Топтаева, тілші

– Тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандарға да газ тарту жұмысы басталып кеткен. Бұған дейін орталық жылу жүйесіне қосылмағандықтан, кейбір мектеп-балабақшалар тек дизель мен көмірмен жылытылатын еді. Енді қалалық әкімдіктен хабарлағандай, 21 осындай нысан газға қосылатын болады. Бұл жұмыстар қараша айында аяқталмақ. Жалпы, елорданы газдандыру жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін жалғасады.

Бақыт Топтаева, Наурыз Базаров