Мәулен Әшімбаев: Қазақстан діндер көшбасшылары съезін абырой жинау үшін өткізіп жатқан жоқ

Біріккен ұлттар ұйымының өркениеттер альянсы келер жылы Нұр-Сұлтанда өтетін дін лидерлерінің съезіне белсенді қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдік және дәстүрлі діндер көсбасшылары хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бүгін осылай деді. Сенат спикері Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін абырой-бедел жинау үшін өткізбейтінін атап өтті. Бұл қазақстандық даму жолының біртұтас бөлігі деді хатшылық басшысы. Отырысқа 20 елден келген діни қайраткерлер қатысты. Олар Қазақстанның өз ішінде ғана емес, әлемде татулық пен бірлікті нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Съезд тұрақты әрі қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін талқылау тұрғысынан маңызды. Мұнда халықаралық деңгейдегі іс-қимылдар да талқыға салынады. Отырыс күрделі жағдайда өтіп жатыр. Бұған коронавирус пандемиясы себеп. Әлемде жаһандық проблемалар ушығып барады. Қауіпсіздік әлсіреп, шиеленістер туындады. Келер жылғы съезд осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында ұйымдастырылады. Күн тәртібіне аталған проблемалар енеді деді Сенат спикері әрі хатшылық басшысы.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Биыл біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстан өзінің бейбітшілік, жалпыұлттық бірлік және конфессияаралық диалог моделін құрды. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды. Бұл модельдің тиімділігін бәріміз көріп отырмыз. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаветың қолдауымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасын тауып отыр. Сол себепті хатшылық пен съезд біз үшін имидждік шара емес. Бұл басқосу Қазақстанның даму бағытын айқын көрсетеді.