Түркістан облысында мектептегі бейнекамераларды полиция бақылайды

Енді Түркістан облысындағы мектептерге қойылған бейнекамераларды полиция қызметкерлері жедел басқару орталығы арқылы бақылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни жазбаларды аудандық полиция бөлімдеріндегі кезекші топтармен облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы қадағалап отырады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі 550-ден астам білім ордасына интеграцияланған бейнекамералар қойылған. 30 күндік дерек сақталатын бейнебақылау камерасынан, мектептердің ауласынан бастап, кіреберісі мен дәліздерінде, асханасы мен фойесінде, акт және спорт-залында не болып жатқанының бәрін нақты уақытымен көруге болады. 

Сондықтан біз мектептерге орнатылған бейнекамералар арқылы ол жерге сырттан келетін қандайда бір қауіпті уақытында анықтап, тиісті шаралар қолдана аламыз дейді облыстық полиция департаментіндегілер.

Қайрат Дәлібеков, облыстық ПД бастығы:

– Соңғы кездегі Қазан, Пермь қаласындағы мектептер мен оқу орындарында болған төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектептердегі камераларды жедел басқару орталығына қосу бойынша тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда 919 мектептің 61 пайызы қосылды. Ол қауіпсіздік пен тәртіпке шақыру үшін өз үлесін қосады.