Елордадағы отырыста дін қайраткерлері жаһандық қауіп-қатерді талқылады

Елордада дін қайраткерлері бас қосты. Жаһандық деңгейдегі сын-қатерлерді талқыға салды. Соның бірі пандемия. Исламнан қорқу факторынан арылу да күн тәртібіне шығарылды. Әлем дінбасылары келер жылы елордада тағы бір мәрте жиналатын болды. Себеп қандай? Жиынның мән-маңызы неде? 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы. Еліміздегі береке мен бірліктің, татулықтың символына айналған жер. Мұнда жер-жаһанның әр қиырынан келетін ұлттар, конфессиялар, дін өкілдері бас қосады. Бірақ биыл мұндайға мүмкіндік жоқ. Пандемия кесірін тигізіп отыр. Сондықтан шараны бір жылға кейінге шегеруге тура келді.

Кейінге шегерілген шара - Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің 7-съезі. Ал бұл ауқымды жиын қарсаңында ұйымдастырылған хатшылық отырысы. Діни қайраткерлер осымен 19-рет бас қалаға жиналды. Съездің күн тәртібіне ұсынылатын мәселелерді талқылап, бекітпек ниетте.

Алғашқы съезд елордада 2003 жылы өткен болатын. Әуелі АҚШ, кейін басқа да елдерде болған алапат террорлық әрекеттерден кейін діни алауыздық артып, араздастық күшейген шақта әлемдік қауымдастық тығырықтан шығар жол іздеген. Қазақстан дәстүрлі дін өкілдерінің съезін өткізуді ұсынып, барлық тараптың келісімін әрі қолдауын алды. Содан бері әр 3 жыл сайын қазақ елінің бас қаласы съезд делегаттарын қабылдап келеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:

- Биыл біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстан өзінің бейбітшілік, жалпы ұлттық бірлік және конфессияаралық диалог моделін құрды. Оған Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды. Бұл модельдің тиімділігін бәріміз көріп отырмыз. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаветың қолдауымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасын тауып отыр. Сол себепті хатшылық пен съезд біз үшін имидждік шара емес. Бұл басқосу Қазақстанның даму бағытын айқын көрсетеді.

Жаһандық сын-қатерлер тағы көбейді. Кейінгі кезде пандемия адамзатты әбден әбігерге салды. Карантин жағдайындағы күнкөріске тұтас әлем төзіп келеді. Коронавирус 5 миллионға жуық адамның өмірін қиды. 100 миллионы аштыққа душар болды. Әлемдік экономиканың 4,5 процентке төмендеуі тағы бар.

Юрий Новгородов, Дүниежүзілік лютеран федерациясының өкілі:

- Әлемде ұлттардың ғана емес, наным-сенімге қарай бөліну жағдайлары көп. Енді оған вакцина алғандар және алмағандар болып бөліну де қосылып отыр. Вирусты жоқ деу қате пікір. Ауру бар. Онымен тек күресе білу керек. Вакцина алғандардың бірі менмін. Ауыр сырқаттанып та шықтым. Пандемиямен күресті күшейтіп, тезірек аяқтауымыз керек. 

Әлемде исламнан қорқу факторы белең алып барады. Бұл теріс көзқарас. Дінді саяси құралға айналдырғандардың әрекеті. Оның үстіне этностарды кемсіту, жік-жікке бөлу сынды құбылыстар да байқалып отыр. 

Гаджи Аллахшүкір Паша-Заде, Кавказ мұсылмандар басқармасының төрағасы /Әзербайжан/:

- Съезд терроризм, экстремизм және исламнан қорқу сынды әлемдік теріс факторларды қарастыруы керек. Мұнымен бірге антисемитизм мен ксенофобия тақырыптары да өзекті. Біз қасиетті дінімізді қандай да бір саяси мақсаттарда қолдануға жол бермейміз. Кейінгі кезде кей саясаткерлер осы қадамға барып жүр. Бұл өзіндік қарама-қайшылыққа әкеп соғады.

Хатшылық отырысы бірнеше сағатқа созылды. Сан алуан пікірлер айтылды. Келер жылы съезде пандемиямен қатар басқа да өзекті проблемаларды көтеру қажеттігі сөз болды.

«Адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуына баса көңіл бөлініп, дін лидерлерінің ролі күшейтілсін», - деді қатысушылар. Отырыс қорытындысында VII съезд келер жылы 14-15 қыркүйек күндері елордада өтетін болып келісілді. 

Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев