Ресейден арзан көлік сатып алғысы келген азамат миллион теңгесінен айырылды

Ресейден қолжетімді бағаға көлік сатып алғысы келген азамат миллион теңгесінен айырылды. Бірнеше мәрте қашықтан алдын ала төлем жасап қойған елорда тұрғыны алаяққа алданғанын кейін білген. Енді көлік те жоқ, ақша да жоқ. Бұл мәселеге қатысты тәртіп сақшылары не дейді? Жалған хабарландырумен қатар алаяқтар тағы қандай қулықтарға барады?

Еркебұлан бас шаһардағы жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істейді. Осыдан бірнеше ай бұрын темір тұлпарға міну арманының күлпаршасы шықты.

«Шетелдік маркалы көлікті Ресейден Қазақстан шекарасына жеткіздім. Кеденнен өткізу үшін ақша аударуың керек» деген алаяққа қалай ғана алдандым» деп налиды елорда тұрғыны.

Еркебұлан Төлегенов, қала тұрғыны:

- Машина тауып, 2 миллионға көргем. Ол Ресейде тұр деген соң оларға хабарласқан кезде ол айтты: бензинге, ішіп жеуге, тамаққа, жататын орындарына 50 мың теңге жіберуін өтінді. Мен оларға 50 мың теңге салып жібердім. Сосын постқа келген кезде олар пост пен сақшылардың суретін жіберді, машинаның арестте тұрғанын айтып, менен 300 мың теңге сұрады. Басында жібергім келмеген. Балаларының фотосы мен видеосын жіберіп, аузына Құдай атын алған соң және Ораза айын айтып, бәріміз имамбыз ғой деген соң мен оған 300 мың теңге салып жіберем. Оларға ақша түспегенін айтып менен тағы 300 мыңнан көп сома сұрайды, 350 мың. 

Сорақысы сол, әккі алаяқтар сатушы ретінде ғана емес, сатып алушы кейпінде де алдауға көшкен. Көп жағдайда белгілі бір тауарды сатып алу үшін олар курьерлік қызметті ұсынады. Жалған сілтеме жіберіп, смс-хабарлама арқылы келетін кодты және банк карточкасының құпия сандарын біліп алғысы келеді. «Атыңызға несие рәсімделді» деп алдап, алаяқтың әрекетінен құтқарғандай болып сау адамды ақылынан алжастырады.

Талғат Бөлегенов, қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Кибералаяқтықтың алдын алу үшін біз онлайн хабарландыру платформаларымен бірігіп жұмыс істейміз. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды айла-амалдардан сақтануға шақыратын бейнероликтер көрсетеміз. Ал қылмыстық істердің ашылуы біраз уақыт қажет етеді. Себебі алаяқтар көбінесе ақшаны шетелдік есеп-шоттарға аударуды сұрайды. Біз сол жақтың құқық қорғау органдарына хабарласып, мәлімет аламыз.

Елордада жыл басынан 3 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелді. Тәртіп сақшылары 110 алаяқты ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартты. Олар 150 млн теңге көлемінде залал келтірген. Ақмола облысында да жіміскілердің әрекеті көбеймесе азаймаған.

Саят Саматұлы, Ақмола облысы полиция департаменті Целиноград аудандық полиция бөлімінің аға жедел өкілі:

- Жылдың басынан қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде 88 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Қазір Ресей аумағында отырып алып, Қазақстанның азаматтарын алдайды. Ақмола облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасымен бірлесе отырып, жәбірленушінің банк карточкасынан ақша шешіп алынса, акционерлік қоғамның банктік карточкаларына соттың санкциясын шығарамыз. Сот санкциясынан ақша қайда аударылғанын біліп, жедел іздестіру шараларын жүргіземіз. 

Кез келген сауда-саттықта алаяқтарға ұрыну тәуекелін біле тұра ересек адамдардың бармақ тістеп, жер сипап қалуын психолог мамандар былай түсіндіреді. 

Серікгүл Сали, психолог:

- Алданып қалған адам еңбек етуге көшу керек. Ол сол алдануға салған ақшасын өз еңбегімен тапқан жоқ. Ол ата-анасының ақшасы немесе ол өзінің күйеуінің ақшасы үйде отырған әйелі салады. Немесе әйелінің тапқан ақшасын күйеуі салады. Сондықтан өзіңіз еңбек етпейінше, ақшаның құнын түсінбейінше, бұл не арқылы келеді екенін білмейінше, бұл алдану сізде әлі 10-20 рет қайталана береді. Трагедия осы жерде. 

Сауданы онлайн немесе телефон арқылы жүргізген кезде екінші тарап өзі туралы нақты ақпарат пен нотариалды куәландырылған құжаттарын ұсынбаса, оған жауап бермеу керек. Төлем жүргізу процедурасынан шикілік байқасаңыз абонентті дереу бұғаттау қажет, дейді тәртіп сақшылары.

Мирлан Алтынбек

Сондай-ақ...