loader


Алматыда субсидия алған кәсіпкерлерге қатысты дау шықты

15 кәсіпкер алған субсидиясын қайтаруға тиіс. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осындай талап қойып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Берілген қаражат көлемі – 2,8 млрд теңге. Бірақ инвестициялық жобаларды жүзеге асырған азық-түлік өндірушілер бұған келіспейді. Мемлекеттік көмегін заңды түрде алдық дегенді алға тартады олар.

Евгений Камбаров Талғар ауданындағы жеміс бағын ұлғайтып 20 мың тонналық көкөніс қоймасын салған. Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңге инвестиция жұмсапты. Шығынның бір бөлігін өтеу үшін мемлекет көмегіне жүгініп, 200 млн теңгеден аса субсидия алған. 

Евгений Қамбаров, кәсіпкер:

– Мемлекет алдындағы міндеттерімізді орындадық. Барлығы тексерілді. Субсидия қаржысы мақсатты түрде жұмсалды. Енді оны кері қайтару деген ақылға сыймайды. Ондай мүмкіндік те жоқ.

2018 бен 2020 жыл аралығында берілген субсидияның заңдылығын прокуратура тексерген. Соның нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтап, Ауыл шаруашылық басқармасына ұсыныс хат жолдады.  

Бақтияр Шампиков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Прокуратура ұсынымда көрсетілген 15 агро субект бойынша негізгі заң бұзушылығы қолда бар сараптамалар біріңғай жүйеде көрсетілмегені айтылды. Ұсынымды орындау мақсатында 15 агро субьектіге тиісті хабарлама жіберілген. Бүгінгі күнге Атамекен палатасы, прокуратура органдары мен инвесторлармен бірлесіп, әрбір мәселе бойынша талқылау жүргізілуде. Аталған субъектілер бойынша бүгін ертең субсидия қайтар деген сұрақ қоймаймыз.

Жұмыс тобы қалыптасқан жағдайды ретке келтірудің тиімді жолын қарастырып жатыр. Және субсидия алу тәртібі мен ережесін бір іздендіру бойынша ұсыныс әзірлемек. 

Ләззат Шыңғысбаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Өзіміздің ұсыныстарымызды жазып жатырмыз. Оның бәрі реттеліп болған соң Ауылшаруашылық министрлігіне жіберіледі. Және өзіміздің «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар, сол арқылы біз  мәселені көтеріп, ой-пікірлерімізді жазып реттеп жатырмыз.

Ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер мәселе оң шешімін табады деген сенімде. Әйтпесе, шаш етектен шығынға батамыз деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...