Мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасынан шыққан балалар Түркістанды аралады

Түркістанды осы күнге дейін тек теледидардан ғана көріп, «бір барсақ» деп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасынан шыққан балалар рухани шаһарға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп, ішін аралап көрді. Тайқазан, амфитеатр, субұрқақтарды көріп, кереметіне қанықты. Этноауылға соғып, Қазақ елі мұражайына аялдады. «Ертегілер еліне енгендей болдық» деген балғындар сапар соңында «Керуен сарай» туристік кешенін аралады.

Жалғас Жұмабек, оқушы:

– Бізді көлікпен алып жүр, аяғымыз шаршамайды. Мұнда фонтан қойыпты, суда жүзетін қайықтар жүр. «Керуен сарай» жақсы екен. Қала көркейіп кетіпті.

Ғалымжан Елшібай, ұйымдастырушы:

– Түркістанның тотыдай түрленіп, дамып жатқанын теледидардан ғана көріп тамсанатынын, өзі сияқты тағдырлас жандардың да Түркістанды көргісі келетінін, ол туралы аңыз бен ақиқатқа толы әртүрлі қызықты әңгімелерге аңсары ауып жүрген, өтініш-тілегін жеткізді. Келгісі келген адамдар көп болды. Жолдың ұзақтығына қарай, денсаулықтарының шыдайтынына, жас ерекшеліктеріне, арасында балаларды да қамтуды дұрыс деп ұйғардық.