Елде тері өңдеушілер енді шикізатсыз қалуы мүмкін 

Малдың терісі сыртқа кетіп жатыр. Оны илеп, кәдеге жарататын өндірістер өзімізде де бар. Бірақ Қытай мен Өзбекстаннан келгендер ебін тауып, еліне алып кетеді. Арқалық қаласындағы тері зауыты енді шикізат тапшылығынан қауіптенеді.

Егер шикізатты шетелге сатуға тыйым салып, баж салығын қайта енгізсе, мәселе шешімін табар еді дейді, кәсіпкерлер.

Мал терісін қабылдайтын бұл пункттің жұмысы төрт ай бұрын жанданды. Солтүстік өңірдегі жалғыз өңдеуші зауытпен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл жерге бастапқы өңдеуден өткен тері жеткізіледі.

Қайрат Бекетаев, кәсіпкер:

– Күнде түседі. Амангелді, Жанкелдин сияқты аудандардан әкеледі. Жақын тұрған совхоздардан әкеледі, оған қоса мал ұстайтын шаруа қожалықтары ба. Арқалықта бұрын осындай тері дайындайтын цех болған жоқ. Теріні жұрт текке лақтырып жатты. Обал болатын. Енді қазір бәрі маған әкеліп жүр. 

Олжас Шакин осында Жанкелдин ауданынан арнайы келеді. Өзінің жеке фермасы бар. Арқалықта тұрақты ет өткізеді. Енді жол-жөнекей сойылған малдың терісін тапсырып, аз да болса пайда көреді.

Олжас Шакин, шаруа қожалығының өкілі:

– Тері қабылдау пункіне тапсырып жүргенімізге жарты жылдай болып қалды. Енді ары қарай осылай жұмыс істейтін болса, біз де өткізе беруге дайынбыз. Бұқаның терісін 65 теңгеден қабылдап жатыр. Сиыр малының терісін 45 теңгеден қабылдап жатыр. Азғантай болса да тиын-тебен әкеледі. Жолымыздың ақшасын жабады. Ең бастысы, тері тапсыру арқылы экологиялық жағынан үлесімізді қосқан боламыз.

Ал мына зауытта тері иленіп өңделеді. Шикізаттан дайын теріге дейін толық өндірістік цикл қалыптасқан. Айына 48 мың шаршы метр былғары  дайындалады. Коронавирус дағдарысына дейін өнімді Италия, Испания, Түркияға экспорттайтын. Қазір бұл елдердің нарығы жабылғандықтан, ТМД елдерімен сауда-саттық қызып тұр.

Ержан Салықов, тері өңдеу зауытының директоры:

– Былғарыны тұтынатындар жетеді. Украинаның екі зауытымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Ресейде 5-6 әріптеспен келісімге келдік. Өзбекстанмен жасаған бірсыпыра ірі келісімшартымыз бар.

Дегенмен Арқалықтағы зауыт бизнестегі әріптестерімен қоса, шикізаттан айырылып қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Бұны олар сыртқа кететін шикізат үшін баж салығының жоқтығымен байланыстырады.

Ержан Салықов, тері өңдеу зауытының директоры:

– Неліктені екені белгісіз, сыртқа кететін шикізат үшін баж салығы жыл соңына дейін жойылған. Мысалы, өзбектер былғарыны менен сатып алатын. Енді шикізатты елімізден еш қиналмастан әкетіп жүр. Шекара ашылса, Қытай да тонналап тиеп алуға дайын. Бұлай жалғаса берсе, бізде шикізат қалмайды. Сол себепті Үкіметтен баж салығын қайта енгізіп, оның мерзімін ұзартуды сұраймыз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі бейнекамераға сұхбат беруден бас тартып, жазбаша жауаппен шектелді. Сыртқа жөнелтілетін шикізатқа баж салығын енгізу мәселесі тек салалық ведомствалар мен кәсіпкерлердің бірлескен талқылауынан кейін шешіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров