ТМД мемлекеттері әскери байланыс жүйесін дамыту мәселелерін талқылады

Ереванда ТМД мемлекеттері біріккен әскери байланыс жүйесінің жұмыс істеуі және оны дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Хабар 24 ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Байланыс департаментінің бастығы полковник Арман Қалижанов ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері байланыс басшыларымен өткен Үйлестіру комитетінің кезекті отырысына қатысты.

Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қарулы күштері байланыс әскерлерінің басшылары біріккен байланыс жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамыту бойынша орындалған және жоспарланған іс-шараларды, бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде байланысты ұйымдастыру ерекшеліктерін және басқа да ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысында Үйлестіру комитетінің алдағы бес жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды. Сонымен қатар, ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің байланыс тораптарымен келесі жылға арналған бірлескен жаттығулар кестесі бекітіліп, кезекті бірлескен кеңестің бастапқы күн тәртібі талқыланды.