Жыл басынан бері 20,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 20,1 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Хабар 24.

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 772 кәсіпорнында 21,5 мың жұмыскердің алдында 4 млрд 880 млн теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады. Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 918 нұсқама беріліп, 105,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 20,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 4 млрд 718 млн. теңге төленді.