Павлодардағы музейде ұзақ жыл сақталып келген картинада кімнің бейленгені белгілі болды

Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында ұзақ жыл сақталған картинада кімнің бейнеленгені енді ғана анықталды.

Бұған дейін әнші Майра Шамсутдинованың суреті деп айтылған еді. Зерттеу жүргізген мамандар картинада режиссер, драматург, халық әртісі Жұмат Шаниннің әйелі Жанбике Шанина екенін растады. Тарихшылардың айтуынша, қазақ драма әртісі Жанбике Шанина жолдасы репрессияға ұшырағаннан кейін 8 жыл лагерде тұтқында болған. Картинада ол сахналық киімде бейнеленген. Мамандардың сөзінше  сурет 1928-1930 жылдары аралығында салынған болуы керек. Себебі сол кезде Шанинаның шығармашылығы елге танылған. Бір қызығы, картинаның авторы белгісіз. Музей қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жалғастырады. Ал бірегей өнер туындысы музей төрінен орын алды.

Ербол Қайыров, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

– Шынымызды айтуымыз керек, 1991 жылы Жанбике Шанинаның туған апасы Мағзия табыс еткен екен. Бас кезінде бұл картинаға ешкім мән бермеген. Ескі картина. Көбінесе Майя Шамсутдинованың суреті деп айтылып жүрген екен. Енді зерттеу барысында бүкіл құжаттарды, актілерді, суреттің тарихын көтеріп қарасақ, 1928-30 жылдары аралығында салынған Жанбике Шанинаның суреті деп жазылып тұр.

Рысбек Ыстыбаев, суретші-реставратор:

– Картина ескі шеберлердің техникасымен жазылған. Қараңғыдан жарыққа шығарылып жазылған. Көрініп тұр өзі. Сосын бергенде материалдығы бірінші план, екінші план, түгелі өз орнында тұр бұл жерде. Үйлесіп тұр түгелі. Бұған енді реставрация керек. Өйткені, көне болғаннан кейін. 1928-30 жылы жазылған деп ойлаймыз.