СҚО полицейлері 5 қап Artemia salina шаянын заңсыз жолмен аулаған күдіктілерді ұстады

СҚО полицейлері 5 қап Artemia salina шаянын заңсыз жолмен аулаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер құнды табиғи ресурстарды заңсыз аулау фактісін анықтады. Бірлескен тексеріс барысында СҚО ПД жедел уәкілдері мен табиғатты қорғау полицейлері Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің жағасында фармацевтика мен косметика өндірісінде аса құнды бағаланатын Artemia salina шаянын аулаумен айналысқан үш адамды табады.

Оқиға орнына келген аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы ер адамдарда аулауға рұқсат қағазының жоғын анықтады. Экологиялық қылмысқа күдікті 37 жастағы Тайынша ауданының тұрғыны, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының 31 жастағы тұрғындары ұсталды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. ВАЗ-21140 автокөлігі, аулауға арналған құралдар мен 5 қап биологиялық зат тәркіленді.

«Үлгілер сот-сараптамалық зерттеуге жіберілді. Оның нәтижелері бойынша облыс табиғатына келтірілген шығынның сомасы белгіленетін болады. Аудан аумағында ерекше қорғалатын табиғи аймақ (Мамлют қорықшасы) орналасқан. Биоресурстарды қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда тұрақты түрде экологиялық қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіледі, облыстық полиция және мүдделі ведомстволармен өзара іс-қимыл жасалады», – дейді аудандық ПБ бастығы Пётр Климов.

 

Сондай-ақ...