Алматыда 306 мың оқушы мен студент Pfizer екпесін алады

Қазан айынының соңында Pfizer вакцинасы жеткізілсе, Алматыда 306 000-ға жуық оқушы мен студентке екпе салынуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Вакциналау қалада коронавирустың таралуының алдын алады. Бүгінгі таңда қалада екпенің бірінші компонентін 960 мыңнан астам адам алды, бұл халықтың 77 процентіне тең. Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін тұрғындардың 90 проценті вакцина алуы керек. Яғни ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін 1 миллион 300 мың адамға екпе салу жоспарланған.

Ержан Бабақұмаров, қала әкімінің орынбасары:

– Pfizer вакцинасы қазан айының соңында келеді деп жоспарлап отырмыз. Басында біз қалада қатаң шектеулер енгізбес үшін бір миллион тоқсан мың адамды вакциналау керек деп есептегенбіз. Енді жаңа штамдарды ескере отырып, бір миллион үш жүз мың адамға вакцина салыну керектігін айтамыз. Сонда қала қауіпсіз болады.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас санитар дәрігері:

– Pfizer вакцинасы әкелінген кезде біз 306 мың оқушыға екпе сала аламыз. Оның ішінде студенттерде бар. Бұл – екпемен қамтуды ұлғайтып, иммундық қабатты арттырады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, балаларға вакцина тек ата-аналарының келісімімен салынады.