Қазына қаржысын тиімсіз пайдаланған кімдер?

Пандемияға қарсы қабылданған шаралар індеттің бетін қайтарғанымен, бюджеттен бөлінген қаржы кейде тиімсіз пайдаланылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жағдайға лауазымды тұлғалар медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу, емхана қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде жол берген. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты мекемелерде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беретін тұстарды анықтаған. Ал Қаржы министрлігі медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу барысында бірқатар заңсыздықты әшкереледі. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, ол қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.