ШҚО-да сұйытылған газ тапшы

Аймақта қазір 27 литрлік бір баллон 2500 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

10 күн бұрын 2000 теңге еді. Бұрын 90 теңгеден аспайтын автогаздың литрі 120-ға жетті. Қазір газ құю бекеттерінде мүлде газ жоқ, келісім жасаған мекемелерге талонмен беріледі. Өңірде газбен жүретін автокөлік көп емес. Соның өзінде жүргізушілер қолма-қол ақшаға газ таппай қиналып жүр. Салаға жауапты басқарма мамандары газ тапшылығын зауыттың жөндеуге жабылғанымен байланыстырады. Облыс ай сайын төрт жарым мың тонна газ тұтынады.

Аманкелді Сейітқазинов, көлік жүргізушісі:

– Бұрын баллонды 2 мыңға алатынбыз. Қазір 2500 болыпты. Толтыртайық десек, тек талонмен. Автогаз да қымбаттады. Бұрын 100 теңгеге алушы едік. Енді 120-ға таба алмай жүрміз. Бәрі талонмен.

Самат Сүлейменов, облыстық ТҮКШ бөлім басшысы:

– Сұйытылған газды 10 кәсіпорын алып сатады. 4,5 мың тонна қажеттілік газдың 70% тауарлық биржа арқылы сатып алынады. Бүгінгі таңда Павлодар мұнай-химия зауыт жұмысының тоқтауына байланысты газ тапшылығы байқалып отыр. Алайда жөндеу жұмыстары 25 қазанда аяқталады.