476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мұнай өндіруші мемлекет бола тұра жанармайды неге сырттан тасимыз?

  • 276
  • UPD: 20:47, 07.10.2021

Қазақстан мұнай өндіруші мемлекет бола тұра жанар-жағармайды сырттан тасымалдау тыйылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы айда Ресейден тағы 100 мың тонна дизель отынын әкеледі. Сала мамандарының сөзіне сенсек, бұл мәжбүрлі шара. Ішкі нарықты дизель тапшылығы жайлап барады. Бағаға да бақылау болмай тұр. Дизель отынының литрі 300 теңгеге тақады. Көрші елдермен салыстырсақ, бізде айтарлықтай арзан дейді мамандар. Ресми уәж осындай. Мемлекет сырттан жағармай әкелуді тоқтатса, бағаның шарықтап кетуі әбден мүмкін.

Қазақстан осы айда Ресейден жүз мың тонна дизель отынын жеткізеді. Мұндай шара жанармай тапшылығын азайту мен бағаны тұрақтандыру үшін жасалып отыр. Қазақстан мұнай өндіруші мемлекет бола тұра, осы қадамға баруға мәжбүр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР энергетика министрі:

– Бір айда біз негізі 400 мың тонна тұтынамыз. Өткен айларда рекордтық көрсеткіш тіркелді. 520 мың тоннаға дейін жетті. Бізде сұраныс жоғары. 100 мың тоннадан асты. Жағдай әлі де күрделі, тапшылық мәселесін шешу үшін дизель отынын сырт елден әкеліп жатырмыз. Бұл біз үшін өте маңызды.

Мағзұм Мырзағалиев өткен айда ішкі нарыққа 20 мың тонна жағармай жеткізілгенін айтты. Ал қазан айының алғашқы күндерінде шамамен 12 мың тоннасы әкелінген. Проблема елдегі мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарына байланысты жабылуында болып отыр. Агроөндіріс өкілдерінің жиын-терімі басталғанда, мұндай мәселенің қайталануы сарапшыларды алаңдатады. Айтуларынша, бұл бірнеше нарық ойыншысының әрекеті

Мақсат Халық, сарапшы:

– Монополия қашан болады, егер нарықта бір ғана ойыншы болса. «Моно» сатам, «полия» нарық деген сөз. Ал бұл жерде олигополия десек болады. Нарықта 3-4 ойыншы болады. Олар кешкі уақытта мейрамханада отырып шай ішіп, бағаны өсірейік дейді. Ал бәсекелік нарық болса, ол мүмкін емес.

Мәселені шешуге шаруалардың үні керек. Олай болмаған жағдайда, заңсыздық жалғаса береді.

Мақсат Халық, сарапшы:

– Бұл жерде шаруалардың үні керек. Олар үндемесе жағдай өзгермейді. Егер де дизельдің бағасы қымбаттап кетсе, азық-түлік өседі. Шаруалар азаматтық позициясын білдірген дұрыс.

Проблеманы мәжілістегілер да назардан тыс қалдырмады. Депутат Серік Ерубаев мұнай өнімінің тапшылығы жыл сайын қайталанатын дәстүрге айналғанын айтады. Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екені әу баста айтылған. Тек төртінші зауыт салу мәселесі көтерілгенде қолдау аз болды. Қолданыстағы зауыттарды барынша пайдалану туралы шешім қабылданды. Алайда олар жөндеу жұмыстарына байланысты жиі тоқтайды.

Серік Ерубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тіпті, көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзіңде био-дизель өндірісі өріс алуда. Ал біз мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтындығын мойындап отыр. Осыған байланысты мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру мәселесі алдыңғы қатарға шығып тұр.

Депутаттың пайымынша, мұнай өндірісін дамытсақ, Қазақстан шикізат қана емес, өнім экспорттаушы елге айналады. Оған объективті себеп көп. Қазақстандық бензин мен дизель отынының бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Демек сол нарықтарға өнім экспорттау арқылы мол пайдаға кенелуге мүмкіндік туады.

Рауан Мыңбаев, Әсем Әкімжанова

Хабар 24 телеарнасы