Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында қандай тақырыптар сөз болды

Биылғы жылдың 7 айында амбулаториялық-емханалық көмек көрсету 56 процентке ұлғайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, компьютерлік томография 336 мың, ал магниттік-резонанстық томография 283 мың рет тегін жасалған. Былтырғыдан қарағанда бұл 3 есе көп. Комиссия отырысында сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық-атқару жүйесінің ашықтығы жөнінде сөз қозғалды. Кейінгі үш жылда Қазақстанда 2 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Оның ішінде құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен қозғалғандары да бар. Бірақ сотқа 36-сы ғана жеткен. Жағдайды сараптаған комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмыстың оңтайланғанын айтады. Жүйені жетілдіру үшін әлі талай іс атқару керек.

Игорь Рогов, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы:

– 2001 жылы Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссия алдында азаматтарды заңсыз азаптауға қатысты баяндама жасаған еді. Сол кезде комиссия бұл бағыттағы жұмыстардың дұрыс жолға қойылғанын айтты. Бірақ біршама ескертуін де жеткізген еді. Содан бері 20 жыл өтті. Айтылған ескертпе-талаптар әлдеқашан орындалған. Десе де, алда талай жұмыс атқарылуға тиіс.