Түркістан облысында 4,1 млн тонна мал азығы дайындалды

Түркістанда құрылған азық-түлік белдеуінде екінші рет өнім жиналып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 мың гектар алқапқа 45 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, жоңышқа, жаздық бидай және жүгері егілген. Қазір шаруалар су үнемдегіш жаңа технологияның көмегімен өнімділікті екі есе арттырып, мал азығы қорын дайындап жатыр.

Биыл Түркістанның іргесіндегі Сабыр Ақтаев басқаратын серіктестік 1200 гектар алқапқа мал азығы дақылдарын екті. Оның 450-і жоңышқа, 420-сы бидай болса, қалғаны – жүгері дақылы. Шаруа жаңбырлатып суардың нәтижесінде судан таршылық көрмеді. Өнімді де мол алды. Астықты орып алған соң орнына сүрлемдік жүгері еккен.

Сабыр Ақтаев, серіктестік төрағасы:

– Бұл 90 күнде піседі. Ал жергілікті жүгерілер 120 күнде піседі. Үлгеру үшін 90 күндік ектік. Бұл тез піседі, тез жетіледі. Өнімін көріп отырсыздар, гектарына 250-300 центнерден аламыз деген ойымыз бар.

Бұл серіктестік осыдан 2,5 жыл бұрын қала маңындағы 112 қосалқы шаруашылықты біріктіру нәтижесінде «Азық-түлік белдеуінде» құрылды. Мұндағы 2 мың гектар алқапқа 45 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылған. Оның бір тиімділігі – су шығынын екі есеге дейін азайтып, өнімділікті 3 есеге арттырады дейді мамандар.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Осы жобалардың нәтижесінде ғылыми техникалық агротехниканы сақтау арқылы бидайдың бір гектарынан 30 центнерден өнім алынды. Бізде биылғы жылы орташа өнімділік 10 центнерді құрады. Ал осы серіктестік облыстағы орташа өнімділіктен екі-үш есеге жуық артық өнімге қол жеткіздік. Жиналған мал азығы толығымен қамтамасыз етілетін болады.

Бұл жоба өңірде үш бағытта жүзеге асуда. Жеке шаруашылықтарды біріктіру, техникалық жағынан қамтамасыз ету және өнімділікті 2-3 есе арттыру. Сол арқылы шаруалар жылына бірнеше өнім алып, мал азығын дайындайды. Біріншіден, қаланы азық-түлік және төрт түлікті мал азығымен қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 4,1 млн тонна мал азығы дайындалды. Бұл қыстан қысылмай шығуға жеткілікті дейді мамандар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы