Алматыға Pfizer вакцинасының 160 мыңға жуық дозасы жеткізілмек

Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан қаланың денсаулық сақтау жүйесі жұмысын бір сәтке бәсеңдеткен емес. Енді вакцина салдырған қала тұрғындарының санын көбейту жоспарланып отыр.

Алматыда дельта штамынан туындаған ең ауыр кезең шілде айының ортасында басталған еді. Қалада күніне мың жарым адам коронавирус жұқтырған деректер тіркелген. Төртінші толқын кезінде ауруханаға жатқызу деңгейі 5 есеге дейін өсті. Ал бүгінде қалада індет жұқтырғандар саны күннен күнге азайғанын байқауға болады.

Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

– Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін 90 процент адамды вакциналау керек. Ол 2 миллионнан 1 миллион үш жүз мың адам. Осы себепті ғана қала жаңа штамдар пайда болған жағдайда күресуге қауқарлы болады.

Дельта штамы қауіпті болған кезде ауруханалар 70 процентке дейін адамға толған еді. Қала билігі 10 мыңнан астам төсек орындар дайындады. Бұл жағдайда резервте әрқашан кемінде мың орынға дейін болды.

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері:

– Pfizer вакцинасын алсақ, 306 мың адамды екпемен қамтамасыз ете аламыз. Ол оқушылар мен студенттер. Тек ата-ана рұқсатымен ғана. Бұл бізге вакцинациямен қамтуды арттыруға және иммундық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді сондай-ақ аурудың төмендеуіне әсер етеді.

Алматы қаласына 20 қазаннан кейін американдық Pfizer вакцинасының 160 мыңға жуық дозасын жеткізуді жоспарланып отыр. Жалпы қаладағы жағдай құзырлы органдардың нақты бақылауында.

Гүлзия Нақыпқызы