Қарағанды облысындағы ауыл жұрты уәде етілген ауыз судың жоқтығына шағымданды

Қарағанды облысындағы Құрма және Жұмабек ауылының тұрғындары біраз жылдан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр су құбыры жаңадан тартылады дегенде ауыл жұрты кәдімгідей қуанған. Алайда жобаның аяқталатын уақыты болса да, ауызсу әлі жоқ. Әкімдік пен мердігер өзара соттасып жатыр.

Бұл Берік Жүнісовтың жасы 80-ге таяған анасының үйі. Жақында су келеді деген соң ескі құбырды алып, жаңасын салуға кірісіп кеткен. Бірақ тіршілік нәрі әлі жарытып ақпай тұр. Жалпы ауылдың біраз тұрғыны осындай қиындық көріп отыр. Ауылдың жоғары жағына су аздап келгенімен, төменгі жақта сыздықтап тұрады. Кейде тіпті тоқтап қалады.

Бекзат Әликайдаров, Жұмабек ауылының тұрғыны:

– Негізі қыркүйек айында жұмыс бітуі тиіс еді. Әрине, біз де тезірек бітсе деп уайымдап отырмыз, келер жылға қалмай. Халық алданып қалды. Екінші рет ұрынғымыз келмейді.

Мердігерлер жұмыстың созылуына республикалық тас жолдың астын тесіп, труба өткізу кезінде табиғи тау жыныстарына тап болғаны себеп дейді. Бір айға созылған жұмыс тек бүгін бітіпті. Айдың соңына дейін жұмысты аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Азамат Дуанбеков, мердігер:

– Трассаның бәрі біткен, абоненттік 32 құбырын істеп, іштерін жалғадық, резервуар құйдық. Қазіргі уақытта сорғы станциясының ішін жалғау қалды.

Бұл ауыл өзі аттас құс фабрикасымен танымал. Осыған дейін ауыз су фабриканың меншігіндегі құбырдан келіп тұрған. Бірақ оның 90 процентке дейін тозығы жетіпті.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Құрма ауылы мен Жұмабек ауылының тұрғындарына қыркүйек айында ауыз су үздіксіз беріледі деген. Себебі жоба аясында екі жүз тонналық екі бірдей резервуар салынып, әлгілер суға толтырылып, кейін ауыз судан еш тапшылық көрмейсіңдер деп уәде берілген. Алайда бүгін қыркүйек түгілі қараша айының белортасына жақын қалды. 400 тонналық резервуарда 4 тамшы суда жоқ.

Айдар Ғомаров, Құрма ауылдық округінің әкімі:

– Бүгінгі күні олар Абай аудандық құрылыс басқармасы тарапынан сотқа берілді. Бірақ бұл кісілер күн суытқанша жұмыстарды аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Аудандық құрылыс орталығы мұның барлығын қарап отыр.

Жалпы жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынып, оған 435 млн-нан астам қаржы бөлінген. Былтыр оның жартысы игерілген. Жұмысты дер кезінде аяқтамағаны үшін аудандық құрылыс басқармасы мердігер компанияны сотқа беріпті. Алайда ауыл тұрғындары әкімдік пен мердігер арасындағы даудан біз зардап шегеміз деп алаңдаулы.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев