Qazcloud деректерді өңдеу орталығы іске қосылды

Елорда нарығында дата-орталықтар қуатының тапшылығы байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпараттық деректер көлемінің ұлғайуына байланысты, олардың қоры толып кеткен. Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін QazCloud компаниясы жаңа дата орталығын іске қосты.

Деректерді өңдеу орталығы ақпараттық жүйелердің тәулік бойы жұмыс істеуін және пайдаланушылардың үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Инфрақұрылымдық провайдер Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік заңнамасының барлық талаптарына сәйкес келеді. Нысанның жалпы аумағы – 259 шаршы метр. Мұнда жабдықтар бөлмесінде 100 тірек бар.

Қасым Есергепов, Qazcloud ЖШС бас директоры:

– Деректер орталығының қауіпсіздігін қарулы күзетшілер бақылайды. Аумақтың бүкіл периметрі көп деңгейлі бақылау жүйесі және Face IDмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар көліктердің қасақана енуіне жол бермейтін механикалық және гео-тосқауыл жүйелері орнатылған.

Аталмыш жобаны «Самұрық-Қазына» қоры еншілес компаниясы «Қазақтелекоммен» бірлесіп іске асырды.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

– Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше дата-орталық бар. Алайда олардың қоры лық толы. Деректерді сақтау және өңдеу нарығы тез өсуде және дата орталықтарына сұраныс артады, біз компания ретінде осы қажеттілікті өтеуге тырысамыз.

Инфрақұрылымдық провайдер Tier II деңгейіндегі деректер орталығының сенімділік сертификатына сәйкес жасалған. Бірінші кезеңде ол 3 мегаватт электр қуатын тұтынатын болады.

Әнел Еділқызы, Нұрғали Мамурбаев