Өзбекстанда лязги биінсіз той мен мерекенің өтуін елестету қиын

Мыңдаған жылдар бойы сән түзген лязги биі. Хорезмде болған түрлі соғыстар мен табиғи апаттарға қарамастан бұл мәдени мұра осы күнге дейін жетті. Қазір Өзбекстанда лязги биінсіз той-томалақ пен өзге де мерекелік жиындарды елестету мүмкін емес. Бұл өнер ырғақты қозғалыс пен асқан жылдамдықты талап етеді. 2019 жылы лязги биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген болатын.

Бұл тарих атасы Геродоттың өзі жазған Лязги биі. Хорезм халқына тән ежелгі өнер түрі бүгінгі заманымызға дейін бәз баяғы қалпында сақталып жеткен.

Лязги биі бүгінде Өзбекстанның әр өңірінде танымал. Дильноза Ортикова бұл өнермен 22 жыл бойы айналысып келеді. Айтуынша, бұл биді кез келген адам билей алмайды. Себебі ырғақты қозғалыс пен жылдамдықты талап етеді.

Дильноза Ортикова, балет артисі:

- Бұл биді тек хорезмдікілер ғана билей алады. Өзгелері де билеуі мүмкін. Бірақ жоғары деңгейде емес. Лязги биін толыққанды меңгеру үшін Хорезмде туу керек. Өйткені ол біздің қанымызда. Біздің өңірде шөлді аймақ, теңіз бар. Қыста суық, жазда ыстық. Сондықтан бұл би теңіз толқыны секілді тулайды, жаздың ыстығы секілді от береді. 

Шынымен де бұл биді Хорезм халқы секілді билеу үшін осы өңірде туып өсу керек екен. Тіпті саусақты шытырлатудың өзі оңай емес.

- Это только хорезмийцы могут делать.

- Шынымен де хорезмдікілер ғана істей алатын сияқты ғой.

Дильноза Ортикова, балет артисі:

- Зороастризм діні осы Хорезмде пайда болған. Сондықтан біздің биіміз де отқа, күнге табынушылықты білдіреді. Қолымызды жоғары көтеріп, саусағымызды шытырлатып тұрып күннің шуағын аламыз. Кейін оны айналамызға таратамыз. Әр қимылдың өзіндік мәні бар.

Жалпы лязги биін билеу үшін дойра, сурнай сынды музыкалық аспаптар қажет. Тіпті қарапайым қайрақ та пайдаланылады. Болмай бара жатса, мынадай әдіс те жарай береді екен.

Атабек Рузметов, музыкант:

- Бізге арнайы бір музыка қажет емес. Соқпалы аспаптар болса жеткілікті. Ал лязги биін билеу үшін адамның жүрегінде от болу керек. Бостан босқа келіп, билеп кететін болса, бидің бар сәні кетеді. 

Хорезм өңірінде лязгиді 7 жастағы баладан бастап 70-тегі шалға дейін билейді екен. Бүгінде бұл би түрлі той томалақтар мен мерекелік жиындардың көркіне айналған. Ал 2019 жылы лязги ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов