Ақтауда су тұшытатын зауыттың құрылысы басталды

Каспийдің суын тұшытатын зауыттың құрылысы басталды. Маңғыстау өңіріне сапары кезінде Мемлекет басшысы ауыз су тапшылығын жою жұмыстарын жеделдетуді тапсырған еді. Ақтаудан Ақшұқыр ауылына дейінгі аралықта 50 гектар жер бөлінген. Жоба құны 4 млрд теңге. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 20 мың текше метр тіршілік нәрін береді. Сондай-ақ қазір қолданыстағы зауыттың қуатын келер жылдан қалдырмай 2 есеге ұлғайту жоспары да бар.

Жобаны жеке кәсіпкер қаржыландырады. Оған жағалаудан жер телімі бөлінді. Бұл жерде әрқайсының сыйымдылығы 40 мың текше метр резервуарлар мен теңіз суын тұшытатын қондырғылар орнатылады.  Жобаның алғашқы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр ауыз су шығарылады. Зауыт келер жылы іске қосылады.

Есман Жұмабаев, инвестор:

- Басталып жатқан жұмыс 4 кезеңнен тұрады. Әр кезеңінде 5 мың текше метр су тұщытатын зауыт орналастырамыз деп осы жерге есеп жасап бастап жатырмыз. Құрылысы басталып, канал қазу жұмыстарын бастап кеттік.

Бұрын облыс орталығына атом реакторының күшімен теңіз суы тұшытылып берілді. Тәуелсіздік жылдары бұл кәсіпорын табиғи газ жағу арқылы суды буға айналдырып, сүзгілеп құбырмен жіберуге көшті. Шаһардың солтүстік бағытында бірнеше шағын аудан салынуымен тіршілік нәріне сұраныс жыл санап өсіп келеді. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтаудың халқына энергетикалық комбинат тұшытып береді. Ал Мұнайлы ауданы Қарақия ауданының орталығы Құрық елді мекеніне «жылы жағажайға» дейінгі аралықтағы барлық нысандар мен шаруа қожалықтарына ауыз суды осы зауыт береді. Қазіргі жұмыс қуаты тәулігіне 20 текше метр.

Қалаға жақын Мұнайлы ауданы  ауыз суды толығымен «Каспий» зауытынан алады. Аптап ыстықта халықтың суды тұтыну көлемі күрт артады. Кей тәулікте тіршілік нәрі кестемен беріледі. Кәсіпорынның қазіргі қарқыны 2 есеге көтерілсе, мәселе шешілуі тиіс. 

Нұрлыбек Жолбаев, зауыт директоры:

- Негізгі тұтынушылар мына Мұнайлы ауданының халқы. Қыс айларында жеткілікті болғанымен жазда әсіресе егін суару науқаны басталған уақытта тапшылығы байқалады. Соған байланысты зауыт қуаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аяқталу уақыты 20 ай. Бірақ мердігерлерге алдағы жаз су тапшылығы байқалғанша құрылысты аяқтап тапсыруды міндет қойып отырмыз.

Жобаға республикалық бюджеттен 12,7 млрд теңге бөлінді. Қазір зауытта 97 адам еңбек етеді. Қуаты ұлғайған кезде  23 жұмыс орыны ашылады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев