Елордада «SOS дабыл түймелері» қалай жұмыс істейді?

Елордада «SOS дабыл түймелері» орнатылды. Бірер күн бұрын осындай ақпарат шығып, әр жерде жарыса жарияланып жатты. Ал енді оның іс жүзіндегі көрінісі қалай? Расымен де қиындыққа тап болған адам шұғыл көмек ала ма?

Полицияны шақыруға арналған дабыл түймесі осы. Бірер күн бұрын оны 6 жерге орнатты. Әсіресе, халық көп жүретін өзен жағасындағы саябаққа, теміржол вокзалындағы алаңға және сауда үйлерінің маңына қойған.

Жоғарыда айтқан 6 дабыл бағанының бірі Нұрлыжол бульварында орналасқан. Қазір оның іс жүзіндегі әрекетін көрейік. Батырманы бастым. Бірақ, ешқандай кері байланыс жоқ. Мүлгіген тыныштық.

Біз бұл жерде тағы жарты сағаттай болып, кері байланыс күттік. Жауап болмағасын полиция департаментіне барып, жағдайдың мән-жайын білдік. Айтуларынша, жүйе бірте-бірте іске қосылып жатыр.

Қайрат Раушанов, қалалық Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы:

– Міне, қараңыздар. Қазіргі таңда біз 10 дабыл нүктесін қойдық. Қала бойынша «Керуен» сауда орталығының жанында және жағалаудағы саябақтарда орнатылып тұр. Қазір байланыс жұмыстарын жүргізудеміз. Біртіндеп қосып жатырмыз. 

Жауапты маманның айтуынша, бұл құрылғылар әртүрлі заңбұзушылық пен қылмыстың алдын-алуға көмектеседі. Жыл соңына дейін бас-аяғы 13 баған қою жоспарланып отыр. Артынша тағы бір дабыл батырмасына барып, тексеріп көрдік. Бұл жолы істеп тұр.

Ал енді бұл бастама шетелдік тәжиребеде бар ма, жоқ па? Бұл сауалымыз жауапсыз қалды. Бұған қоса, құрылғыларға жұмсалған қаржы көлемі жайында да ақпарат ала алмадық. Полиция департаменті әкімдікке сілтеді. Кейінгісі алдыңғысына сұруымызды өтінді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров