Досхан Жолжақсыновқа «Отан» ордені табысталды

Бүгін Алматыда Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа «Отан» ордені ресми түрде табысталды.

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі актерді наградтау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесінің кеудесіне орден тағып, Елбасы мен Президенттің құттықтауларын жеткізді.

Халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың өнер жолы көрермен қауымға жақсы таныс. Алғашында театрда еңбек етті. Одан кейін кино әлеміне қадам басады. Әуелі эпизодтарға түсіп шыңдалады. Ал содан кейін экранға шыққан Гауһартас, Даладағы қуғын, Өтелмеген парыз секілді фильмдердегі әрбір кейіпкері әлі күнге дейін көрермен жадында. Бүгінгі салтанатты жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев актерді 70 жасымен құттықтап, Елбасы мен Президенттің жылы лебіздерін жеткізді. Досхан Жолжақсыновтың актерлік қырынан бөлек, режиссерлік қолтаңбасында ерекше атап өтті.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Кино режиссер ретінде Біржан сал, Құнанбай секілді кесек дүниелерді түсіріп, ұлттық киноматеграфиямыздың дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Осы арада Біржан сал фильмін қалың көпшілік өте жылы қабылдап, жоғары бағалағанын айта кетуіміз керек. Ал Құнанбай фильмі дала данышпанына қойылған сом ескерткіштей болды.

Отан ордені актерге кинематографияны және театр өнерін дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін берілді. Өнердегі достары мен әріптестері Досхан Жолжақсынов бұл құрметке әбден лайық дейді.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор:

– Бұл тек қана Досханның қуанышы емес бүкіл қазақтың қуанышы. Өйткені Досхан бүкіл қазақ орталығына, мәдениетіне еңбегі сіңгені арқылы ортақ азамат. Досханды құттықтаймыз, өзімізді құттықтаймыз. Өйткені Досхан өз басымның жан досым, өмір бойы бірге келе жатырмыз.

«Отан» ордені иегерінің айтуынша, осы күнде жеткен жетістіктер мен атақ-дәреженің барлығы көрерменнің арқасы. Сондықтан да мерейтой иесі халыққа алғысын айтты. Ал бүгінгі марапат шығармашыл адамға жігер беретін, шабыт беретін дүние, дейді Досхан Жолжақсынов.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

– Өнер, әдебиеттің адамы жазған, түсірген, айтқан дүниелерінің бәрін халқы өзекке түсіріп, ертеңгі күні соны құр мақтамай, бірақ орнымен соның бағасын беріп отырса өнер адамының мерейінің үстем болатыны хақ.

Халық әртісі бүгінге дейінгі еңбек жолында театр сахнасы мен кинода 200-ден аса рөлді сомдаған. Алдағы уақытта да тың дүниелермен көрерменді қуантсам деген ойда.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев