Батумиде көпқабатты үй опырылып құлады

Грузияның Батуми қаласында бүгін түсте көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады.

Оқиға орнына жедел дәрігерлік жәрдем мен полиция топтары жетіп, арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Алғашқы мәліметтер бойынша, апаттан жапа шеккендер бар, бірақ нақты саны әлі белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, олар алдымен жарылыс үнін естіп, кейін үйдің бір бөлігі опырылып құлаған. Сол бөлігінде 12 отбасы тұрғаны белгілі. Құтқарушылар үйінділерді аршып, адамдарды шығарып жатыр. Үй маңында тұрған және қирандылар астында қалған автокөліктен бала шығарылды. Үйінділер астында тағы да он шақты көлік қалып отыр. Апатқа тұрмыстық газдың жарылуы себеп болуы мүмкін.

Лела Сурманидзе, Батуми мэрінің орынбасары: 

– Себебін білмейміз, анықтап жатырмыз. Әзірше түк айта алмаймын. Баланы машинадан шығарып алды. Ол үйдің қасында автокөлікте отырған еді.Бірақ нақты ақпарат жоқ, баланы үйінділерден құтқарушылар шығарып алды. Үй апатты жағдайда болған жоқ, қазір еш жорамалды растай алмаймыз.