Covid-19: Солтүстік Қазақстанда вирус жұқтыру 10% артты

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптада коронавирусты жұқтыру 10% өскен, деп хабарлайды Хабар 24.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, соңғы екі аптада коронавирусты жұқтырудың 1167 жағдайы тіркелді, осылайша сырқаттанушылық 10%-ке артып отыр.

«Коронавируспен ауырғандар санының артуына вакцинация қарқынының төмендеуі де әсер етті. Жағдайды тұрақтандыру үшін, біз қыркүйек айының соңына дейін 311 мың адамды вакциналаудың толық курсынан өткізуіміз керек еді. Жоспар орындалмады. Тек 243 мың адам бірінші компонентпен, 223 мың тұрғын екі компонентпен егілді. Бұл – жоспардың 72,1%. Облыста күніне 200-300 адам ғана егіледі, бұл – өте аз. 311 мың адамды вакцинациямен қамтитын болсақ, ұжымдық қорғаныс деңгейі жалпы халықтың 57,2% құрайды. ДДҰ ұсынған ұжымдық иммунитеттің ең төменгі деңгейі – 60 %. 206 елдің 65-тен астам елі 50% немесе одан да көп қамту деңгейіне жетті», – дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Маманның айтуынша, жаңа штамдардың пайда болуына байланысты енді халықтың кем дегенде 80% вакцина алуы тиіс.

«Балаларды, сондай-ақ вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қорғау мақсатында, Үкімет КВИ-дің алдын алу үшін вакцинаның қосымша көлемін сатып алады. Енді вакцинациямен жоспарланған қамту деңгейі облыстың ересек тұрғындарының 90% немесе 374 мың адамға жетуі керек»,– дейді Әсет Жұматаев.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирус жұқтырушылар санының өсуі суықтың келуімен, сондай-ақ вирустық инфекциялар маусымының басталуымен де байланысты. Тұрғындардың маска кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты қауіпсіздік шараларын елемеуі де өз әсерін берген.