Елімізде арық суын ішіп отырған ауылдар бар

Түркістан облысы Келес ауданында жұрт коммуналдық жүйенің жұмысына наразы. Біртілек ауылдық округінде ауызсу, көгілдір отын мен жол жоқ. 

Көлтоған елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәрін тұтыну үшін арық жағалайды. Амалдың жоқтығынан 1-2 күн тұндырып ішеді. Айына екі рет су таситын көліктердің көмегімен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ғана ауызсу үлестіріледі екен. Жағдайы жеткен жан аудан орталығынан литрін 4 теңгеден сатып алып, күн көріп отыр. 

Фатима Әсілова, Біртілек ауылдық округінің тұрғыны:

– Су жоқ. Арықтың суын ішеміз. Қазір көрсетейін. Пәлен жерден сатып әкеліп ішеміз. Біреулердің жағдайы бар. Көлігі барлар әкеліп ішеді. Көлігі жоқтар арықтың суын ішеміз. Арықтың суы тоқтағанда бірнәрсе қып күн көреміз. Жаңбырдың суы бар, қар жауады.

Ауылдағы бос жатқан құбырлар әр жерінен сыр беріп, беті ашық жатыр. Сондықтан көшені асфальттау жұмыстары да тоқтап тұр. Салдарынан жаңбыр жауып, қар түссе, ауыл іші батпаққа айналады.

Молдабек Аханов, Көлтоған елді мекенінің тұрғыны:

– Ауыл арасындағы жолдың бәрі осындай. Біздің мектепте 450-500-дей бала оқиды. 4-5 км жерден қатынап оқиды. Лайды кешіп сабаққа барады.

«Өркениет игілігіне жарымай келеміз», – деген ағайын жиналып, базынасын жеткізді. Олар үйді-үйге дейін тартылған құбырлардың жұмысы аяқсыз қалды деп ашынады.

Нұржігіт Махаев, Біртілек ауылдық округінің тұрғыны:

– Инфрақұрылым тұралап қалған. Қанша жылдан бері газдың трубасы, судың трубасы тартылғанымен, одан ешқандай нәтиже жоқ. Бұрғылау жұмыстары жүріп, көп объектілер қабылданып қойған. Қабылданғанымен халық ол суды тұтынып жатқан жоқ. Қазіргі таңда көгілдір отынмен қамтимыз деген жұмыстардың өзі кешеуілдеп келе жатыр.

Біртілек ауылдық округі аумағында 13 елді мекен бар. Қиындыққа тап болған оның бесеуінде бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Ал тұралап қалуының басты себебі Келес ауданы Сарыағаштан бөлінгенде басталған. Қазіргі ахуалды Келес ауданының әкімдігі өз бақылауына алып, мәселені осы айда толықтай шешеміз деп отыр.

Кеңес Халық, Біртілек ауылдық округінің әкімі:

– Бес елді мекенге су кіргізу екі жылдан бері жүріп жатыр. Қазір мердігерлердің уәдесі бойынша осы айдың ақырында су беріледі осы жерге. Қазір Біртілекте ағып жатыр. Жолбасшыға ертең береді.

Жауапты мамандардың сөзінше қазір орталықтандырылған газ құбырына көгілдір отын келіп тұр. Үйді-үйге есептеуіш құралдары да қойылған. Тек сыр берген жарамсыз жерін қайта қалпына келтіру керек дейді.

Жантөре Аманкелді, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің маманы:

– Осы Көлтоған мен Жолбасшыда газ құбырларының тесік жерлері анықталды. Сол бойынша мердігер мекемелерге хат жазғанбыз. Біз көрсеткен заттарды алып келді. Соны қалпына келтіру жұмыстарын бастамақшы.

Енді тұрғындардың тағы да сәл шыдауына тура келеді. Халық өздері тұтынып жүрген арық суын Біртілек ауылдық округінің әкіміне ұсынып, ішуін сұрады. Бас тартқан әкімнің орнын босатуын талап етіп, өтініш-тілектерін ақ параққа жазды. Себебі 10 жылдан бері бас ауруына айналған мәселе құрғақ сөзбен аяқсыз қала ма деп алаңдайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов