Алматыда «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» көрмесі ашылды

Алматыда қазақтың тарихы туралы сыр шертетін фотоқұжаттар көрмеге қойылды. Оның барлығы әлемге танымал ғылыми орталықтардан әкелінген.

Қазақ халқына қатысты тың дүниелер осы уақытқа дейін Қытай, Ұлыбритания, Монғолия, Франция, Швейцария мемлекеттеріндегі мұрағаттар мен мұражайларда сақталып келді. Артефакт көшірмесін Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары жинаған. Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын дүниелерді Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінен тамашалауға болады. Көрме Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» тақырыбымен өтіп жатыр. Табылған артефактілер мен архив құжаттары көшірмесінің ең ескісі 7-ші ғасырды, ал бергісі 18-ші ғасырды қамтиды. Арасында бұған дейін бізге белгісіз болған тың деректер бар.

Дүкен Мәсімханұлы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры:

– Біздің сан ғасырлық аумалы-төкпелі замандағы тарихымыз шежіре, аңыз түріндегі даланың ауызша тарихы деп аталып келді. Ұлттың тарихына қатысты жазба деректер, қазба мәліметтердің барлығы шетелдік мұрағаттарда сақталған. Осы тұрғыдан келгенде көзбен көріп, қолмен ұстайтын фактілердің дені бүгінгі көрмеде ұйымдастырылған.