Бүркітті пойызбен тасымалдауға рұқсат қажет

Бүркітті пойызбен тасымалдауға рұқсат жоқ. Бұл атадан қалған дәстүрді дәріптеуге кедергі болып отыр.

Бүгін ұлттық спорт қауымдастығы өткізген жиында құсбегілер осылай деп мұң шақты. Еліміз тәуелсіздік алғалы баба мұ­расын қастерлеп, кейінгі ұрпаққа үйрету бағытында еңбектеніп жүргендер жоқ емес. Десе де, салада қордаланған мәселе көп. Бүркітшілік туралы әдістемелік оқулық дайындау қажет. Түрлі шараларда бекзада өнерге төрешілік етіп жүргендерге арнай куәлік те берілмейді. Жиында сала мамандары саятшылық өнерін дамытуға бар ынта салатындарын айтты. Сондай-ақ бүгін Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ресми түрде еліміздегі Құсбегілік федерациясының президенті қызметіне кірісті.

Берік Уәли, Құсбегілік федерациясының президенті:

– Бүркітшілердің үнемі қозғап жүрген мәселесі – ол бүркіттерін жарыстарға барар кезде пойызбен тасымалдауы болып отыр. Теміржолмен барады. Купеде алып жүрген кезде жолсеріктер ережеде жоқ деп түсіріп тастайды екен. Олардың ережесі бойынша бүркітті торға салып жүру керек екен. Ал бүркітті торға салса, ол ұша алмай қалады. Былайша айтқанда томаға, балдағымен торсыз-ақ алып жүруге ыңғайлы. Бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.