«Орта ғасырда өмір сүріп жатқандаймыз». Қызылорда халқы өркениеттен жұрдай қалды

Қызылорда қаласы маңындағы саяжайлар өркениеттен жұрдай. Мекенжайда жөні түзу жол мен сапалы ауызсу желісі жүргізілмеген. Тұрақты электр жарығы да жоқ. Жергілікті тұрғындар коммуналдық мәселені қалалық әкімдікке талай мәрте жеткізген. Бірақ жергілікті билік саяжай тұрғындарын құрғақ уәдеге тойғызып келеді.

Шағын ғана саяжайға 60 шақты үй қоныстанған. Мектеп, балабақша мен жұмысқа бару үшін іргедегі Талсуат ауылы мен қалаға қатынайтын тұрғындарды жолдың жайы қиналтады.

Ринат Юзеев, саяжай тұрғыны:

–31-ші маршруттың соңғы аялдамасы анау ауылда. Бізге қарай жол жаман. Әкімдік жол істегенде неге бізге қарай небәрі 200 метр жол салмайды. Ақша жетпей қалды ма? 

25 жылдан бері «Достық» саяжайын мекен еткен Ольга Самохвалова ауызсу құбыры да қол созым жерде тұрғанын айтады. Жолдың арғы бетіндегі Талсуаттың тұрғындары таза тіршілік нәрін тұтынып отыр. Бірақ қанша айтсақ та бізге қарай құбыр тартылмай қойды дейді,-зейнеткер.

Ольга Самохвалова, саяжай тұрғыны:

– Су іздеп ауылдың ішін аралап кетеміз. Әкелген бір-екі бөшке су жұғын болмайды. Арбамызды сүйретіп тағы жүреміз. Орта ғасырлар секілді тұрмысымыз.

Тұрғындардың базынасын арқалап әдеттегідей әкімдікке барсақ жауапты мамандар бұл саяжайларға қаржы бөліп, инфрақұрылым тартуға заңдық тұрғыда мүмкін емес дейді. Өйткені ол аумақтар бау-бақшалық шаруашылық ретінде тіркелгендіктен қаланың бас жоспарында жоқ екен.

Біржан Далабаев, қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:

– Дегенмен ешқандай мүмкіндік жоқ деп қала әкімдігі қарап отырған жоқ. Қазіргі таңда қала аумағындағы осындай саяжайларды бас жоспарға енгізуге тиісті құзырлы мемлекеттік органдардан келісім алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл «Достық» пен «Құрылысшы» саяжайларын алдағы уақытта қосу жоспарымызда бар. 

Жаз бойы бау-бақша егетін саяжайлықтар облыс орталығына жүздеген келі көкөніс пен жеміс-жидек жеткізеді. Қазір егін жайқалтып, кәсіпке бет бұруға ниетті жандар көп. Бірақ қатынас пен қарапайым игіліктердің болмауы бағбандардың жолына бөгет болып отыр.

Авторлары:Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев