Қазақстанда жануарларды қорғау заң жүзінде күшейтіледі

Енді үй жануарларына зорлық-зомбылық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрынғыдай құр айыппұл төлеп құтылмайды.

Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасы қаралып жатыр. Әсіресе, иттерді қасақана өлтіргендер 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кейінгі кезде жануарларға қатысты жиілеп кеткен қатыгез жағдайларды азайту үшін қатаң тәртіп орнамақ.

Бұл – елордадағы иесіз ит-мысықтар тұрағы. Жыл 12 ай жұмыс істейді. Тұрғындар қараусыз қалған үй жануарларын осында әкеледі. Жалпы саны 2 мың ит және 500 дей мысық мамандардың бақылауына алынған.Орталық өкілдерінің сөзінше, оқшаулау орны осы күні лық толы. Кейде апта сайын 100 шақты ит өткізіледі. Сондықтан оларға қорек те жетпей жатады. Мұндайда арнайы еріктілер тобы көмектеседі. Ал қараусыз жүргендерінің жайы тіпті қиын. Басым бөлігі қатыгездіктің құрбаны болуда.

Әлия Шалабекова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Қандай да бір адам үй жануарын сыйлыққа ала тұрып, оған зорлық жасайтын болса, қатаң шара қабылданады. мәселен көршілері байқаса заң жүзінде құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Ит немесе мысықты өз жауапкершілігіне алғандарға арнайы бақылау болады. Оқшау орындары осы істі қадағалайды.

Бұған дейін елде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы болмаған. Кейінгі 3 жылдан бері құжат қызу талқыланып келеді. Енді Мәжіліс қабырғасына жетті.

Александр Милютин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

– Бұл құжатты қоғам көптен бері күтіп жүр. Азаматтық қоғам, зооветеринар мамандар, барлық мүдделі тарап заңның дұрыс жазылуына үн қосты. Ұсыныстарын талқылап, жұмыс тобында қарастырамыз. Тиісті қорытындысы шығады.

Ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты жағымсыз жағдайларға тосқауыл қояды. Мұндайға иттердің төбелесін өткізу, анестезиясыз ветеринариялық операция жасау, әлсірету және уақытылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен өлтіру сынды әрекеттер кіреді. Сондай-ақ ит, мысық, тотықұс және тышқанның етін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынбақ.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

– Қылмыстық кодекстің жануарлардың өліміне байланысты санкциялар 200 АЕК дейін және 50 тәулікке дейін қамауға алуға күшейтілді. Және 2 немесе одан да көп қылмыс жасағандар БАҚ-та қолдана отырып, бұл әрекетті бірнеше рет жасаған кезде 1000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған және 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Заң жобасы бойынша жануарларды чиптеу де жүргізілмек. Сол арқылы нақты санын білІп, бақылауды күшейту көзделіп отыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев