426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда кеншілерге арналған модульді кешендер жасалынады

  • 90
  • UPD: 22:38, 08.10.2021

Кен орнын игерушілердің төтенше жағдай кезінде көмек келгенше бас сауғалайтын модульді кешендері енді өз елімізде жасалады.

Солтүстік Каспий жобасының операторы – Норт Каспиан Оперейтинг Компани тапсырысымен әзірленген 3 жылжымалы модуль бүгін салтанатты түрде қолданысқа берілді. Қашаған теңіз кен орнына жіберілетін кешендерді Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз ұжымы құрастырып шығарды.

Жылжымалы кешендер Түпқараған ауданында КСОІ компаниясының өндірістік алаңында құрастырылды. 2 бөлімнен тұратын бір модульдің салмағы 281 тонна. Кіреберісте герметикалы камерасы бар бөлігіне 100 адам сияды. Басқару жүйесі орнатылған екіншісі төтенше жағдай кезінде таза ауаның берілуін қамтамасыз етеді.

Мирко Боргези, КСОІ компаниясының атқарушы директоры:

– Алғашқы 3 модуль 18 айда құрастырылды. Бұл жобаға біліктілігі халықаралық талаптарға сай қазақстандық мамандар жұмылдырылды. Жалпы ұжымның 95 пайызы осы елдің азаматтары. Компания теңізде және құрлықта өндірістік нысан салу бойынша қызмет көрсетеді. Енді Солтүстік Каспий жобасына осындай жұмыстарды орындап жатырмыз.

Отандық «CT-KZ» сертификаты берілген модульді кешендерді Норт Каспиан Оперейтинг Компани өкілдері қабылдап алды. Қашаған теңіз кенорнын иегеріп жатқан компания мамандар қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау шараларын басты назарда ұстап отыр.

Оливье Лазар, NCOC Компаниясының басқарушы директоры:

– Қазақстанда Қашаған теңіз кен орнын игеру бағытында теңдессіз әрі күрделі жобаның жүзеге асып жатқаны мәлім. Бұл бағытта әлемдік талаптарға сай жоғары сапалы тауарлар мен қызмет түрлері қажет. КСОІ компаниясының қызметі біз қойған талаптарға сәйкес келеді. Пандемия жағдайында шектеулерге қарамастан жұмыстар өз мерзімінде аяқталды. Ынтымақтастық үшін алғыс білдіреміз.

NCOC – солтүстік Каспий бойынша консорциум құрамындағы 7 серіктес компания атынан мұнай операцияларын жүзеге асырушы оператор қызметін атқарып келеді. Баутиндегі теңіз операцияларын қолдау базасы жылжымалы модульдер құрастырылған өндірістік алаңға жақын орналасқан.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

 

Хабар 24 телеарнасы