Өңірлерде көтерме-тарату орталықтары ашылады  

Қазақстанда алдағы 4 жылда 15-ке жуық көтерме-тарату орталығы салынады.

Төртеуін жылдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Жеңіс Өсербай Аграрлық мәселелер Комитетінің көшпелі отырысында мәлімдеді. Жиын Қарағанды облысында өтті. Шенеуніктер мен мәжілісмендер кәсіпкерлермен шаруа қожалықтарына барып, елдегі ең ірі көтерме-тарату орталығының жұмысымен танысты. Жобаның құны шамамен 24 миллиард долларды құрайды. Ол екі мемлекеттік бағдарлама – «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асырылып жатыр.

Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Ең бастысы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау керек. Ол үшін тауарларды сақтайтын қоймалар керек.  Көктемде сәбіз бен картоптын қалай қымбаттап кеткенін білесіздер ғой. Оған жол бермеу үшін осындай сақтау қоймалары болуы керек және оны ауыл шаруашылығы министрі, басқа да осы салаға қатысты басшылар назар аударуы керек. Депутаттар осы жағынан жәрдем көрсететін болады деп үміттенеміз.