Жамбыл облысында 2030 жылға дейін 12 жобаны іске қосу жоспарлануда

Жамбыл облысында тәуелсіздік алғалы бері 15 жаңартылған энергия көздерінен қуат өндіретін станция салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

1991 жылдары өңірде бар-жоғы 2 ғана гидроэлектростанция жұмыс істеген. Қазір аймақта желден, күннен және судан қуат алатын 17 нысан бар. Жалпы қуаттылығы – 387 мегаватт. Облыста былтыр 2,5 млрд киловатт сағат электр энергиясы өндірілсе, соның 24 проценті баламалы энергия көздерінен өндірілген. Мамандар аймақтың табиғи ерекшеліктері мен энергетикалық потенциалын жоғары бағалап отыр. 2030 жылға дейін тағы 12 жобаны іске қосу жоспарда. Осы арқылы аймақтағы жаңартылған энергия көздерінің үлесін 50 процентке дейін жеткізу көзделген.

Руслан Мұздыбеков, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылдың өзінде біз облыстың 2030 жылға дейінгі осы саладағы даму жоспарын әзірледік.  Нәтижесінде облыстағы осы жаңартылған энергия көздері нысандарының санын 32-ге жеткізіп, жалпы қуаттылығын 1200 мегаваттқа дейін жеткізу жоспарда.