Елордадағы жасыл белдеу аумағында ат спорты кешені ашылды

Енді тұрғындар шаһар маңындағы жасыл аумақты атпен аралай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келушілерге табиғат аясында серуендеумен қатар жылқыға мінуді үйрету қызметі де ұсынылады.

Ат спорты кешені елорда маңындағы жасыл белдеу аумағында орналасқан. Келушілердің қауіпсіз демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Нысан аумағында 5 демалыс аймағы, автотұрақ, модульдік әжетхана бар. Сондай-ақ бейнебақылау камералары да орнатылған.

Мұрат Қасымов, ат спорты кешенінің басқарушы директоры:

- Қазақстан бойынша мұндай орын жоқ. Аумағы – 14 шақырым. Бұл жерге біз бес қазақ үйін тіктік. Ұлттық тағамдар пісірілетін болады. Туристерге, шетелден келген азаматтарға қазақтың салт-дәстүрін көрсететін боламыз.

Жасыл белдеуде атпен серуендегісі келгендер белгілі бір уақыт аралығына жылқыны жалға алады. Оларға арнайы қорғаныш киімдері беріліп, қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.

Қасым Амангелді, ат спорты кешенінің әкімшісі:

- Бұл жерде 20 шақты жылқы бар. Олар әртүрлі, адам талғамына сай. Атқа міну білетін адамдарға арналған, жаңадан үйреніп келе жатқан адамдарға арналғаны бар. Жыл бойы күтім бір. Тек қыс айларында аттардың жілік майын толтыру мақсатында тамақтарына құнарлы болсын деп бидай, арпа қосамыз. Мінілетін ат болғандықтан сұлы, шөп жейді.

Атпен серуендеуге арналған орталық жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Мұнда жаз айларында арбаға, қыста шанаға жегуге арналған аттар да бар. Оларды күтіп-баптау, келушілерге қызмет көрсету бағытында 15 жаңа жұмыс орны ашылған.

Әнел Еділқызы, Аян Сарсембаев, Ақылбек Ессемсеитов