Қостанай облысы Амантоғай ауылындағы су ішуге жарамсыз болып қалған

Амантоғай ауылына орталық су құбыры 2018 жылы тартылған. Бірақ қолданысқа берілгеніне көп болмаса да оның қызметіне тұрғындардың көңілі толмайды. Бастапқы екі жылда судың сапасы жақсы болған. Ал осы көктемнен бастап дәмі де, түсі де бұзылыпты.

Үміт Дүйсенбина, Амантоғай ауылының тұрғыны:

- Кір жуу үшін белизна қосып жібереміз. Бәрібір ашылмайды. Әйтеуір сода, ағартатын қосамыз. Жазда жан-жақтан немерелерім келген қыдырып, түгел іші ауырды.

Тұрғындар ауыз суды өзге елді мекендерден тасып ішеді, қайсыбірі жақын маңдағы өзендерден әкеледі. Тіпті дүкеннен сатып алатындар бар. Оның өзінің бес литрі 500 теңге тұрады. Қымбат болса да алмасқа амал жоқ.

Гүлнұр Құсайынова, Амантоғай ауылының тұрғыны:

- Алаңдап тұрмыз ғой сол ауырып қалатын шығармыз деп. Балалардың денсаулығы үшін қорқамын. Зияны тиюі мүмкін ғой. Кермек дәм бар. Ішуге жағымсыз. 

Аудандық әкімдіктің мәлімдеуінше, су сапасының бұзылуына тарату қондырғысындағы сүзгіден шыққан ақау себеп. Сүзгіні ауыстыру үшін 7 миллион теңге қаржы сұрап облысқа өтініш жіберіген.

Руслан Қайырбеков, Амангелді ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Конкурс ұзап кетті. Арнайы мердігер Алматыдан. Сол кісілер ұтып алды мемлекеттік сатып алу заңына байланысты. Келісім-шарт жасалды. Фильтрларды лабораторияға береміз. Бүкіл анализдерді соған сапалы келетін фильтрді қойып, қайтадан істейміз. 

Амантоғайлықтардың алты ай бойы сапасыз суды тұтынуын шенеуніктер осылайша мемлекеттік сатып алудың машақатынан көреді. Соның кесірінен тозған сүзгіні жедел ауыстыру мүмкін болмай отыр. Енді ақау шыққан сайын оны жөндеуді айлап күту ақылға сыйымсыз деп ашынады тұрғындар.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров