426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ауыл азаматтары көкпардың мәртебесін қалай көтермек

  • 85
  • UPD: 14:36, 10.10.2021

Павлодар облысында спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру аясында жыл соңына дейін екі мың бала қамтылмақ.

Арнайы бекітілген Жол картасы бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі тұрғындар секцияларға тегін қатыса алады. Сала мамандарының мәліметінше, биыл облыстық бюджеттің 218 млн теңгесі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Жоба ауыл-аймақта да жүзеге асырылуда. Десе де көкпар сияқты спорт түрі тегін секциялар тізімінде жоқ. Бұл Май ауданының тұрғындарын алаңдатып отыр.

Танымал көкпаршы Жанат Қопашев спорттық секциялары жан басына қаржыландыру туралы естігенде қуанып еді. Енді көңілі қаяу. Себебі тегін өткізілетін үйірмелерінің тізіміне кейбір ұлттық ойындар енбеген. Қаржы бөлінетін секциялардың ішінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақ қана бар.

Жанат Қопашев, көкпардан облыс чемпионы:

– Май елінде көкпар өте қатты дамыған. Көршілес, міне, Саты ауылы бар. Ауылдық жер болғандықтан бәрінің шаңырақтарында бір-бір сәйгүліктен бар ғой. Соларды алып, мініп, дайындала береді.  Көкпаршы да, аударыспақшы да, палуан да ертең осылардан шығады.

Ауыл азаматтары ұлттық ойынды өз күштерімен дамытуға атсалысуда. Себебі көкпар – қомақты қаржыны талап ететін спорт түрі. Ал Май ауданында есесіне тегін футбол секциясы ашылған. Қазіргі таңда 20 бала спортпен шұғылданады. Қаржыландыру нәтижесінде жаттықтырушылар спорт залының жалға алуын өтеліп, инвентарьларды жаңартылмақ.

Дархан Мухамедқайыров, жаттықтырушы:

– Қазіргі мәселе – бала жинау. Қазір спорт мектептері бар, өнер мектептері бар. Барлығы, міне, аудан бойынша екі мың бала бар. 20 баладан екі топ берілді. Футбол секциясына 5 жастан 10 жасқа дейін, 10 жастан 18 жасқа дейінгі балалар аралығында ақырындап жинап жатырмын. 

Аудан бойынша қосымша білім берумен 100-ге жуық бала қамтылған. Оқушылар вокал, көркемөнер мен музыкамен айналысуда. Бұл жерге күнбе-күн 140 бала келеді. Секцияларды ашқандардың қатарында жеке жаттықтырушылар да бар.

Серік Сұлтанов, Май аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы:

– Жан басына шаққандағы қаржыландырудағы басты мәселе – ұлттық ойындарды енгізу. Мысалы, көкпарды айтайық. Оның ішінде асық жоқ. Егер көкпарды жаңа жылдан бастап енгізсе. Көкпарды, асық ату ойындарын. Тізімде болмағандықтан, қаржыландыра алмай отырмыз.

Жергілікті билік жан басына қаржыландыру ережелеріне өзгертулер енгізу жөнінде жауапты мекемелерге ресми хат жолдаған. Жаңа жылдан бастап тізімге көкпар сияқты спорт түрлері енгізілсе, қазақтың ұлттық ойындары қарқынды дамитыны сөзсіз.

Авторы: Ақмарал Есімханова

Хабар 24 телеарнасы