«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы: Қазан тарихында із қалдырған қазақтар

 

Қазақ хандығы мен Қазан хандығының түбі бір. Екеуі де Алтын орда құлағаннан кейін құрылды. Ал Алтын ордаға дейін бұл маңда мекен еткен халықтардың тілі, салт-дәстүрі мен ұстанымдары бірдей болды. Сол ұқсастықтан бүгін не қалды? Мұнда бабаларымыздан қандай белгі бар?

Мың жылдық тарихы бар Қазан қаласы. Негізі қаланғалы бері қаншама хандықтың ордасы болды. Бүгінде Татарстан республикасының астанасы. Еділ бойында орналасқан. Ежелгі Дешті Қыпшақ даласына жатады. Тұрғындарымен тілмәшсіз түсіністік. Бұған қоса Татар халқының құрамындағы ірі ру тайпалар қазақта да бар. Осыдан-ақ мұндағы жұртпен түбіміз бір екенін аңғаруға болады.

Гусман Нәбиулин, Чистополь қаласының тұрғыны:

– Өзіміздің руымыз туралы айтсақ, мен жеті атамды білемін. Руымыз қыпшақ тайпасынан. Мұны біз тарихи құжаттар, шежірені білетін бабаларымыздан естіп білдік. Мұнда басқа да рулар бар. Бірақ мен олар жайлы біле бермеймін.

Бүркітхан Хайрулла, генетик, тарих ғылымдарының магистрі:

– Қазан хандығында Шырын, Барын, Арғын Қыпшақ және Ноғайлардың ықпалы күшті болды. Әмірлер, билер мен бектер, қолбасшылар осы рулардан сайланатын. Топонимдер байынша айтсақ, Татарстан мен оған жақын маңайда түркі тілдес жер-су аттары жетерлік. Мысалы, Сары тау-Саратов, Еділ, бізде де Еділ. Қара көл, шұбар көлдер бар. Айта берсе, өте көп.

15 ғасырда Қазан Алтын орданың сауда және саяси орталықтарының біріне айналады. Ал Ресей империясының құрамына өткенде білім мен ғылымға жоғары мән берілді. Сол заманда мұнда баспа, оқу орталықтары ашылған. Оны дамытуға біздің бабаларымыз да ат салысты.

Қазан Императорлық университеті 1804 жылы Александр біріншінің бұйрығымен құрылды. Сол заманда Ресей империясындағы ең үлкен екінші оқу орны еді. Мұнда білім мен ғылым мен саясатқа өзгеріс әкелген белгілі тұлғалар білім алды. Олардың арасында біздің бабаларымыз да бар. Мәселен Ресей алғашқы думасының депутаттары Ахмет Бірімжанов пен Алпысбай Қалменов осы университеттің заң факультетін тәмәмдәді. Ал Бөкей ордасын басқарған Жәңгір хан университетпен тығыз байланыс орнатып, оның тарихи қорын молайтуға үлкен үлес қосты. Оның осы еңбегін бағалаған жергілікті жұрт Жәңгір ханды университеттің құрметті мүшесі деп таныды. Бүгінде оның есімі университет қабырғасында ілулі тұр.

Жәңгір хан Қазан университетіне алғаш рет 1826 жылы келді. Сол кезде оқу орнын аралап,  басшылығымен тығыз байланыс орнатады. Кейін қазақ жастарын осында жіберіп, білім ордасына қаржылай көмек берді. Сондай-ақ кітапхана қорына араб және парсы тілінде жазылған сирек кездесетін 6 қолжазба тапсырған.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

– Жәңгір хан – Бөкей ордасының ханы. 1803-1845 жылдың арасында өмір сүрген. Өте көреген хан болды. Біреуге жақты, біреуге жақпады. Ол кісінің қазаққа жасаған жақсылығы – мектеп ашқаны. Сол мектепте қазақтың балаларын оқытқаны. Одан кейін оларды Орынбор, Астрахан, Қазан сияқты қалаларға жіберіп оқытқаны, оларға степендия төлегені, соның арқасында кейбір біздің атақты тұлғаларымыздың шыққаны туралы білеміз. Соған қарағанда ол кісінің істеген жұмыстары өте жоғары.

Татар мен Қазақтың ежелгі фольклоры да ортақ. Мәселен біздегі Қобыланды және Алпамыс батыр жырлары бұл елде де бар. Ал Асан қайғы мен Едігені баба санайды. Ол туралы аңыздар біледі.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Қуаныш Қожабек 

Сондай-ақ...