Ақмолада ұры саусақ іздері арқылы табылды

Ақмолада ұры саусақ іздері арқылы табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

18 қыркүйек Көкшетау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 60 жастағы тұрғынынан өтініш келіп түсті. Арызданушы белгісіз біреулер азық-түлік дүкеніндегі терезені сындырып, халық тұтынатын тауарлар мен жалпы сомасы 25 мың теңге ақша қаражатын ұрлағанын хабарлады.

Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы шықты, оның құрамына кинологтар мен криминалистер кірді.

Жедел-криминалистикалық басқарма қызметкерлері оқиға орнынан 10 қол ізін тәркіледі. Дактилоскопиялық ақпаратты зерттеу негізінде күдікті анықталды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың тоғыз айында Ақмола облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалистерінің мамандары оқиға орнына 2 мыңнан астам тексеру жүргізді, тексеру нәтижелері бойынша күдіктілердің 213 қылмыс бойынша «саусақ іздері» анықталды.