Қазақстандық белгілі кинооператор және режиссер 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды

ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі қазақстандық кинооператор, фотограф, режиссер Игорь Вовнянко 80 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Хабар 24 zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Facebook-те фотограф Николай Постников хабарлады. Редакцияның ақпаратын ҚР Кинематографистер одағының басшысы Ермек Тұрсынов растады.

Игорь Вовнянко 1942 жылы Алматыда дүниеге келген. 1969 жылы Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1971 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген.

Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.

Қоюшы-оператор ретінде «Ерекше күн» (1971), «Көкжиек» (1973), «Қайдасыңдар, шабандоздар» (1974), «Кездеспей кеткен бір бейне» (1977), «Жылан жылы» (1982) секілді кинофильмдер мен бірнеше телевизиялық фильмдерді («Жеңімпаз», 1979; «Қауын», 1982; 4 сериялы «Шоқан Уәлиханов» 1983 - 1985; «Дермене», 1986, т.б.) түсірді. Сонымен қатар «Қүмшағыл тарихы» (1986), «Австриядағы кездесулер», «Теңіз» (екеуі де 1987) деректі фильмдерінің сценарийін жазды жөне режисер болды.