«Аграрлық несие корпорациясы» шаруаларға зор қолдау көрсетіп келеді

«Аграрлық несие корпорациясы» биыл еліміздің шаруаларына жалпы көлемі 251 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отыр.

«Бәйтерек» Ұлттық компаниясының еншілес мекемесі, негізінен өсімдік шаруашылығы саласындағы жаңа жобаларды қолдауға басымдық береді. Қаржылай көмекке қол жеткізгендердің біразы Ақмола облысында да бар. Олардың жұмысымен әріптестеріміз арнайы пресс-тур барысында танысып қайтты. 

Есіл қаласының іргесіндегі құрама жем зауыты былтыр ғана іске қосылған еді. Ал қазір ол сағатына 2 жарым тоннаға дейін өнім өндіре алады. Шикізат болса, өздерінің егістік алқаптарынан әкелінеді. Кәсіпорында жергілікті 7 адам еңбекпен қамтылған.

Қайрат Әлібеков, «Рау-Агро» ЖШС Директоры:

– Зауыт салу жайлы идея келген соң, оған қаржыны қайдан табам деген сұрақ бізді мазалады. Сөйтіп, аграрлық несие корпорациясына жүгіндім. Жобамен танысқан олар маған 373 млн теңге несие берді. Соның арқасында қазір осындай үлкен кәсіпорнымыз жұмыс істеп тұр.

Ал Знаменка ауылындағы «Органико» серіктестігі биыл 200 гектар алқапқа сәбіз бен картоп өсіріп, одан 5 мың тоннаға жуық өнім жинамақ. Ал, оны сақтау үшін заманауи қойма қажет. Аталған нысанды салуға да аграрлық несие корпорациясы сеп болған. Ал жеңілдетілген заемды алу жергілікті несиелік серіктестік арқылы жүзеге асты.

Талғат Әділбеков, «Есіл-2030» несиелік серіктестігінің басқарма төрағасы:

– Біздің несиелік серіктестік Есіл ауданында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қыруар қаражат игерілді. Ал соның себебінен шаруалар техникаларын жаңартып, жаңа инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Жалпы биыл дәл осылай өңірдегі 1 мыңнан астам шаруаға қолдау көрсетілген.

Руслан Ескендір, «Аграрлық несие корпорациясы» маркетинг және PR қызметінің басшысы:

– «Аграрлық несие корпорациясы» ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға 21,4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ал өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша нысандарды құруға 10,8 млрд теңге бөлінді. Жалпы 2021 жылы агроөнеркәсіп саласын несиелендірудің көлемі 251,9 млрд теңге деңгейінде бекітілді.

Осындай қаржылай көмекті алу қолжетімді, – дейді мамандар. Себебі несиелік серіктестіктер алыс аудандарда да орналасқан.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко